Жасанды интеллектіні қауіпсіз қолдану тақырыбында тегін онлайн курс іске қосылады

Фото: Виктор Федюнин/ Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM – Биыл тамызда «Жасанды интеллектіні қауіпсіз және тиімді қолдану» тақырыбындағы тегін онлайн курс іске қосылады. Бұл туралы Мәжіліс депутаттарының сауалына Премьер-министр Олжас Бектеновтің жауабында айтылған.

- Оқу-ағарту министрлігі 2025 жылдың тамыз айында оқушылар, ата-аналар және мұғалімдер үшін «Жасанды интеллектіні қауіпсіз және тиімді қолдану» тақырыбындағы тегін онлайн курсты іске қосуды жоспарлап отыр. Жоғары оқу орындарында жасанды интеллект бағытындағы жаңа білім беру бағдарламалары әзірленіп, шетелдік университеттермен бірлескен жобалар жүзеге асырылып жатыр, - деді Олжас Бектенов.

Сонымен қатар Премьер-министр Үкімет халықаралық тәжірибені ескере және ұлттық ерекшеліктер мен құндылықтарды сақтай отырып, білім беру жүйесіне жасанды интеллект технологияларын тиімді әрі қауіпсіз енгізуді жалғастыратынын айтады.

Айта кетейік, елімізде сегіз сала бойынша мамандар даярлау үшін ЖИ қолданатын кәсіби стандарт әзірленіп жатыр.

Сонымен қатар білім беру жүйесіне жасанды интеллект құралдарын енгізудің ұлттық саясаты әзірленеді.