Жасанды интеллектіні мектептерге енгізу қалай іске асып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Жасанды интеллект бағыты мектептерде қашан толық енгізіледі? Бұл сұраққа Оқу-ағарту министрлігі жауап берді.

Фото: Оқу-ағарту министрлігі

- Жасанды интеллект мектептерде жеке пән ретінде емес, яғни қолданыстағы цифрлық бағыттағы пәндердің мазмұнына енгізіледі. Осы мақсатта «Цифрлық сауаттылық» және «Информатика» пәндерінің атауы өзгертіліп, олардың мазмұны жасанды интеллект компоненттерімен толықтырылды. 2026 жылғы 12 мамырда Мемлекет басшысының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні енгізу жөніндегі Жарлығы қабылданды. Оны іске асыру үшін 2026–2029 жылдарға арналған кешенді жоспар әзірленді, - делінген министрліктің Kazinform агенттігіне берген жауабында.

Бұл тұрғыда 2026 жылғы 1 қыркүйектен бастап Павлодар және Қызылорда облыстарындағы 10 шағын жинақты мектепте жасанды интеллект технологияларын пайдалану бойынша пилоттық жоба басталады. Пилоттық кезеңде жоба 500 шағын жинақты мектепті қамтып, 2029 жылға қарай барлық 2 600 шағын жинақты мектепке таратылады.

- Жасанды интеллектіні білім беру процесіне енгізу 2026–2029 жылдары кезең-кезеңімен жүзеге асырылады, - деп нақтылады ведомство.

Бұған дейін хабарланғандай, биыл көктемде Мемлекет басшысы «Қазақстан Республикасының орта білім беру жүйесіне жасанды интеллектіні ендіру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойды. 

Айта кетейік, биыл жасанды интеллект университеті студенттерді оқытуды бастайды.