Жасанды зейін қай саладағы мемқызметкерлерді жұмыстан қысқартады – министр жауабы

АСТАНА. KAZINFORM – Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев жасанды зейін қай саланың мемлекеттік қызметкерлерін жұмыстан қысқартатынын айтты.

Фото: pixabay.com

- Бірден айтайын, қанша қызметкер қысқаратыны туралы нақты болжам жоқ. Бірақ жасанды зейін технологиясы бірінші кезекте мемлекеттік қызметкерлерді қайталанатын міндеттерден босатады. Осының арқасында қызметкерлер жоғары интеллектуалды, шығармашылық, стратегиялық жұмыстарға көбірек көңіл бөле алады. Яғни адам санасы ғана істей алатын жұмыстармен ғана айналысуына мүмкіндік жасайды. Осылайша мемлекеттік аппараттың тиімділігін арттырғымыз келеді, - деді ол Үкіметтің кеңейтілген отырысынан кейін өткен баспасөз мәслихатында.

Оның сөзінше, қысқарту мемлекеттік органдардың жанындағы Call-орталықтардан басталуы мүмкін. 

- Осының әсерінен мемлекетті қызметшілер 20 немесе 30 пайыз қысқарады деп айта алмаймын. Жекелеген облыстар, учаскелер бойынша есептеуге болады. Қазір сондай есептер жүргізіп жатырмыз. Мысалы Call-орталықтарда қанша адамдың жұмыстан қысқартуға болатынын нақты есептеп шығуға болады. Өйткені тұрғындардан түсетін қоңырауларды маманданған жасанды зейін қабылдай алады. Жасанды зейінді көмекші жауап беріп, жол нұсқай алады, - дейді Жаслан Мәдиев.