«Жасыл аула»: алматылықтарға тегін көшет тарату науқаны басталды
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Науқан аясында көпқабатты үйлердің ауласы мен қоғамдық кеңістіктерді көгалдандыруға ниетті әрбір алматылық ағаш көшеттерін тегін алады.
Алматы қаласының Экология және қоршаған орта басқармасының мәліметінше, биыл 228 өтінім мақұлданып, шамамен 2 мың жапырақты ағаш көшеті тегін таратылады.
Көшеттер 2025 жылдың 19-20 сәуір күндері мына мекенжай бойынша әр ауданның комьюнити орталықтарында таратылады:
1. Әуезов ауданы – Мамыр-1 шағын ауданы, 26/1.
2. Алатау ауданы – Саялы шағын ауданы, 71
3. Медеу ауданы – Назарбаев даңғылы, 36.
4. Жетісу ауданы – Боткин көшесі, 20.
5. Түрксіб ауданы – Жас Қанат шағын ауданы, 49А
6. Алмалы ауданы – Байтұрсынов көшесі, 22/1.
7. Наурызбай ауданы – Шұғыла шағын ауданы, 343/7.
8. Бостандық ауданы – Абай даңғылы, 164/6.
Әр комьюнити орталықта 100 данаға дейін көшет таратылады.
– Акцияға қатысушылар кейіннен көшеттерді отырғызғаны жөнінде фотоесеп тапсыруға тиіс. «Жасыл аула» акциясы – Алматының әр тұрғынына қаланы көгалдандыруға үлесін қосуға және оны жасыл әрі жайлы етуге мүмкіндік беретін ерекше жоба, - деп хабарлады басқармадан.
Бұған дейін Алматыда жасыл желектерді зиянкестерге қарсы өңдеу жұмыстары басталатыны туралы жазған едік.
Еске салайық, биыл Алматыға 320 мың ағаш отырғызылады.