Жасыл дәліз, цифрлық платформа: инвесторларды қолдаудың жаңа тетіктері әзірленді

Фото: Фото: kazinform

АСТАНА. Kazinform – Елімізде инвесторларды қолдаудың жаңа тетіктері әзірленді. Атап айтқанда «Жасыл дәліз» жүйесі мен цифрлық платформа іске қосылды. Бұл туралы Бас прокуратурасы Қоғамдық мүдделерді қорғау қызметі бастығының орынбасары Ризат Смағұлов мәлімдеді.

— Бас прокуратураның бастамасымен инвесторларды қолдаудың жаңа тетіктері әзірленді. Біріншіден, инвесторлар үшін жеңілдетілген шарттар жүйесі - «жасыл дәліз» енгізілді. Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп оған инвесторларды қосу критерийлері әзірленді. «Жасыл дәлізге» қатысушылар үшін: рұқсаттар алу мерзімдері қысқартылды; біліктілік талаптарының шегі төмендетілді; жер беру, коммуникация жүргізу шарттары жеңілдетілді, - деді ол ОКҚ алаңында.

Сондай-ақ Ризат Смағұлов инвестициялық процестердің ашықтығын қамтамасыз ететін цифрлық инвестициялық платформа іске қосылғанын айтты. 

— Платформада жобалардың барлық кезеңі цифрландырылған, лауазымды тұлғалардың рөлдері және олардың жауапкершілік аймағы анықталған. Егер бұзушылықтар мен әкімшілік кедергілер болса, жүйе прокурорға хабарлайтын болады, - деді Бас пркуратура өкілі. 

Айта кетейік, елімізде инвесторлардың құқығын бұзған 140 лауазымды тұлға жазаланды.

Күні кеше АҚШ инвесторы қазақстандық ІТ-стартапқа $1 млн көлемінде инвестиция құйғаны туралы жазған едік.