«Жасыл ел»: 4 мыңнан астам астаналық жасөспірім жұмыспен қамтылды
АСТАНА. KAZINFORM – Волонтерлер қаланы көгалдандыру жұмыстарына белсенді араласады. Сондай-ақ, жасөспірімдерге жалақы төленеді.
«Бүгін «Жасыл ел» жобасының 100-ден астам қатысушысы Байқоңыр ауданына қарасты Өндіріс тұрғын үй алабы маңын қоқыстан тазартты. Биыл «Жасыл ел» бағдарламасының жиырмасыншы маусымы, осы жазда 4 200-ге жуық жасөспірім жұмыспен қамтылды. Жалпы саны 7 мыңға жуық өтінім келіп түсті. Қазір 3 мыңнан астам жасөспірім жұмыс істеп жатыр, қалған 1 мыңнан астам жеткіншек жұмысқа тамыз айында кіріседі», - деді Асылбек Абдураитов елордада өткен экологиялық акция барысында.
Оның айтуынша, бағдарламаға қатысушылар күніне 4 сағат жұмыс істейді және оларға 65 мың теңге жалақы төленеді.
Айта кетсек, «Жасыл ел» жобасы арқылы жұмыс істеуі үшін жасөспірімге ата-анасының ресми рұқсаты керек.
«Жасөспірімдер 3 сағат жұмыс істейді, қалған 1 сағатты өздеріне арнайды. Біз қаладағы 100-ден астам мектеппен бірлесіп жұмыс істейміз. Ол жерде оқушылар мектеп маңын, саябақтарды көгалдандыру жұмыстарымен айналысады. Жалпы бағдарламаның мақсаты – жастарды еңбекке баулып, эко-мәдениетті қалыптастыру», - дейді ол.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, бүгін Астана маңындағы Өндіріс тұрғын үй алабында «Сәтті сәрсенбі» атты экологиялық акция ұйымдастырылды.