Қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жасыл сутегі жел, күн сияқты жаңартылатын энергия көздерінен өндіріледі. Ғалымдардың пайымдауынша, ол болашақта мұнай, газ және көмірді алмастыруы мүмкін. Еліміздің кейбір өңірлерінде жыл бойы күшті жел соғып, күннің көзі сәулесін шашып тұратынын ескерсек Қазақстанның «жасыл сутегі» өндірісін дамытудағы әлеуеті зор.
«Қазақстан соңғы 30 жыл көлемінде әлемге энергия экспорттау бойынша 9-орында келеді. Бұл бағыттағы жұмыстарды жетілдіріп, алдағы 20-30 жыл ішінде зор жетістіктерге жетуге мемлекеттің мүмкіндігі мол. Біз Ұлы дала елін жасыл сутегі өндірісінің Орталық Азиядағы орталығы ретінде қарастырып отырмыз. Бұл көшбасшылық рөлге Қазақстан әбден лайық», - дейді Policy exchange сараптамалық орталығының аға ғылыми қызметкері Алекс Симаков.
Қазақстанның Ұлыбританиядағы елшілігі ұйымдастырған шара барысында жасыл сутегі өндірісіне инвестиция тарту бойынша ел үкіметінің атқарып жатқан жұмыстары сөз болды. Сондай-ақ бізде өнімді еңбек етіп жатқан шетелдік инвестордың аяқ алысы туралы да айтылды. Қазақстанға инвестиция құйғысы келетіндерге Британ үкіметі қандай қолдау көрсететіні туралы да әңгіме қозғалды. Шараға әлеуетті инвесторлармен қатар консалтинг қызметімен айналысатын компаниялардың өкілдері де қатысты.
«Біздің мекеме Таяу Шығыста, Сауд Арабиясында және басқа да көршілес мемлекеттерде осыған ұқсас бірнеше жобаны жүзеге асырып келеді. Қазақстандағы сутегі экономикасының дамуына қандай үлес қоса алатынымызды түсіну үшін, қандай озық технологиялар енгізуге болатынын білу үшін осы шараға қатысып жатырмыз», - дейді эколог-ғалым Саймон Спунер.
Бүгінде Ұлыбритания сутегі экономикасы дамыған елдердің бірі. Тұманды Альбион 2030 жылға қарай энергетиканың үштен бірін сутегіге ауыстыруды межелеп отыр. 100 мыңға жуық жаңа жұмыс орны ашуылады деген жоспар бар. 2050 жылға қарай нарық көлемі 13 миллиард стерлинг фунтына бағаланады, дейді биліктегілер.