Оның сөзінше, еліміздің бастамалары жаһандық технологиялық инвесторларға жаңа мүмкіндіктер береді.
— Қазақстандағы өте маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі — Транскаспий талшықты-оптикалық дәлізі. Каспий теңізі арқылы өтетін алғашқы суасты талшықты-оптикалық кабель биыл жыл соңында дайын болып, Еуропа мен Азия арасындағы жаңа цифрлық көпірге айналады. Ол анағұрлым жоғары халықаралық өткізу қабілетін қамтамасыз етеді. Деректер алмасуда бөгелуді азайтады. Байланысты әртараптандырып, деретер жөнелтуде тұрақтылыққа жол ашады. Мұның бәрі деректерді өңдеу орталықтарын, жасанды интеллектіні және аймақтық деңгейдегі цифрлық платформаларды дамытады, — деді Жаслан Мәдиев кеңестің 38-ші пленарлық отырысында.
Сонымен бірге, ол цифрлық саладағы еліміздің ең басты жобасы «Деректерді өңдеу орталықтары алқабы» екенін атап өтті.
— Біз жасанды интеллектінің есептеу инфрақұрылымы үшін әлемдегі ең бәсекеге қабілетті алаңдардың бірін құрып жатырмыз. Жоба барлық негізгі артықшылықты бір орталыққа біріктіреді: даму үшін ірі алаңдар; сенімді сумен қамту; электр энергиясының бағасы киловатт-сағатына 2,5 АҚШ центі; ешқандай бөгелусіз халықаралық байланыс; салық жеңілдіктері; есептеу қуатын 1 гигаватқа дейін арттыру мүмкіндігі. Өткен айда Қазақстан Firebird компаниясымен жасанды интеллектіні дамыту туралы құны 10 миллиард долларлық келісімшартқа қол қойды. Жоба толықтай NVIDIA-ның технологиялық қолдауымен қамтылған, — деді министр.
Сонымен қатар, ол барлық технологиялық инвесторларды осы экожүйеге қосылуға шақырды.
Айта кетейік, бұған дейін Президент «Деректерді өңдеу орталықтары алқабын» ұдайы қадағалап отыратынын жазғанбыз.