«Жасөспірім» шарасы барысында кәмелетке толмаған 2 мыңға тарта бала ішімдік ішкені үшін ұсталды

АСТАНА. 29  ақпан. ҚазАқпарат -  Ағымдағы жылғы  25 ақпанда Ішкі істер министрлігінің бастамасы бойынша жүзеге асқан «Жасөспірім» алдын алу шарасы жүзеге асты.

Шара барысында кәмелетке толмаған 2 мыңға тарта бала қоғамдық орындарда ішімдік ішкені үшін ұсталып, олар ішкі істер органдарына жеткізілді. Бұл туралы бүгін Ішкі істер министрлігінде өткен дәстүрлі баспасөз мәслихаты барысында ведомствоның ресми өкілі Нұрділдә Ораз мәлім етті.

Шараның мақсаты жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алу және жолын кесу, кәмелетке толмағандарға алкоголь  ішімдіктерін, темекі өнімдерін сату фактілерін анықтау болып табылады. Бұнымен қоса түнгі уақытта көңіл көтеру орындарында, тұрғын үй-жайлардан тыс жерлерде заңды өкілдерінсіз, қадағалаусыз жүрген балаларды анықтап, жастардың құқықтық сауаттылығын арттыруға жәрдемдесу көзделген.

«Кешенді жедел-алдын алу шарасы барысында ішкі істер органдарына  7 мыңнан аса  кәмелетке толмағандар жеткізілді. Оның ішінде 4 мыңға жуығы әкімшілік құқық бұзған болса, 1973-і қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішкендері үшін ұсталған. Бала тәрбиесі міндетін атқармағаны үшін  800-ге жуық ата-ана, кәмелетке толмағанды ішімдік ішуге итермелегені үшін 44 ересек әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Кәмелетке толмағандарды қылмыстық   іс-әрекеттерге тарту фактісі бойынша 8 қылмыстық іс қозғалды», - дейді Н. Ораз. Оның айтуынша, шара барысында мектептерде мен лицейлерде, гимназияларда құқық тақырыбына арналған 11 мыңнан аса дәрістер, әңгімелесулер және дөңгелек үстелдер өткізілген.