Жасөспірім смартфонға қуат беретін аяқ киім жасап шығарды

АСТАНА. ҚазАқпарат - 15 жастағы филиппиндік Анджело Казимиро электр қуатынан алшақ қалған саяхатшыға не болмаса жүгіргенді жаны қалайтын спортшыға, сонымен қатар қаладан шалғайда тұратын адамдарға қажетті тамаша құрылғы жасағандығын жария етуде, деп хабарлады шетелдік БАҚ.

Ол аяқ киімнің ұлтарағына қысым нәтижесінде электр қуатын өндіріп шығаратын екі диск орнатқан. Дәл осындай құрылғы орнатылған аяқ киім киген адам жүргенде не болмаса жүгіргенде электр қуаты арнайы аккумуляторда жинақталып, кейіннен USB арқылы ұялы телефонға қуат беру үшін пайдалануға болады.

Бұл құрылғының көмегімен телефоннан бөлек USB арқылы қуат алатын радиоқабылдағышты, қолшамын пайдаға жаратуға болады.

Әрине, Казимироның бұл құрылғысын әлі де болса толығымен жетілдіру қажет. Өйткені, оның бұл құрылғысын толығымен пайдалану үшін сегіз сағат жүгіру не баскетбол ойнау қажет. Осыншама тер төккеннің өзінде жинақталған электр қуаты небәрі 10 минутқа ғана жетеді.