Жасөспірімдер олимпиадасына қатысатын дзюдошылар белгілі болды

АСТАНА. қазАқпарат - Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтетін ІІІ Жасөспірімдер Олимпиадасына қатысатын қазақстандық дзюдошылардың есімі белгілі болды, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

ҚР ҰОК баспасөз қызметі мәлім еткендей, халықаралық дзюдо федерациясы (IJF) әрбір мемлекетке екі спортшыдан қатыстыруға мүмкіндік берген.

Соның нәтижесінде Қазақстаннан 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесіндегі Бекарыс Сәдуақас пен 78 келіге дейінгі салмақта сынға түсетін Маргарита Гриценко Олимпиада ойындарына қатысу құқығына ие болды.

Жасөспірімдер құрамасының аға бапкері Ғайнолла Есенғалиевтың айтуынша, үздіктерді таңдап алу үшін рейтингілік турнирлерде жиналған ұпай көрсеткіштері есепке алынған.

«Халықаралық дзюдо федерациясы 2018 жылға арналған күнтізбелік жоспарда Жасөспірімдер Олимпиадасына жолдама беретін 5 рейтингілік жарысқа басымдық берді. Яғни, осы бес жарыста жоғары ұпай жинаған екі спортшы Аргентина астанасындағы додаға қатыса алады. Аталған рейтингілік турнирлердің нәтижесінде 600-ден аса ұпай жинаған Бекарыс Сәдуақас пен Маргарита Гриценко жолдамаға ие болды», - дейді аға бапкер.

Олимпиада жолдамасына иелік ету үшін дзюдошылар Антальяда өткен Еуропа кубогіне, Ташкент, Ыстықкөл, Гонкогте өткен Азия кубогіне, Бейрутте өткен жасөспірімдер арасындағы Азия чемпионатына қатысты.

Б. Сәдуақас пен М. Гриценко аталған турнирлердің барлығында чемпион атанып, мейілінше көп ұпай жинаған. Сондай-ақ, Бекарыс Сәдуақас кадеттер арасындағы Азия чемпионатында екінші мәрте жеңімпаз атанып отыр.

Маргарита Гриценко Қостанай қаласында туған. Ол қатардағы орта мектептің оқушысы. Ал Бекарыс Сәдуақас Алматы облысы, Сарыөзек ауданы, Жоламан ауылында дүниеге келген. Бүгінде Қаркен Ахметов атындағы дарынды балаларға арналған спорт-интернатында білім алуда.