Жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстар құқық қорғау органдарын ерекше алаңдатып отыр - Қ.Мәми

әуірдің 16-сы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Жасөспірімдер тарапынан жасалатын қылмыстар саны жыл сайын кеміп келеді.

Соған қарамастан кәмелетке толмағандардың арасындағы қылмыстық жағдай еліміздің көптеген аймақтарында күрделі күйінде қалып отыр. Бұл туралы бүгін Астанада өткен Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Бас прокурор Қайрат Мәми мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бас прокурордың сөзіне қарағанда, қазір жасөспірімдердің жекелеген тұлғаларға зорлық-зомбылық түріндегі қылмыстарды жасау әрекеттері ерекше алаңдаушылық тудырып отыр. Сонымен қатар олар тарапынан жасалатын кісі өлтіру, тонау, қарақшылық әрекеттері де жіті назар аударуды қажет етеді. «Бұған қоса елімізде жасөспірімдерден ұйымдасқан қылмыстық топтардың пайдасына ақша бопсалау әрекеттерінің жиілеп кеткендігі жөнінде тұрғындардан көптеп арыздар мен шағымдар түсіп жатыр. Мұндай фактілер әсіресе Тараз қаласындағы және өзге де аймақтардағы облыс орталықтарындағы мектептерде көптеп орын алып отыр», деді Қ.Мәми.

Оның айтуынша, аталмыш сала бойынша арнайы жүргізілген Білім және ғылым министрлігінің зерттеулеріне қатысқан жасөспірімдердің

6 пайызы өздерінен ақша бопсаланғанын, 26 пайызы өздерінің құрбыларының дөрекі әрекеттерінен құрбаны болғандарын және 22 пайызы өздеріне өзгелер тарапынан зорлық-зомбылық көрсетілгенін атап өткен. «Ең қорқыныштысы, жасөспірімдер тарапынан жасалатын заңсыз әрекеттер әдетте қаруды қолдану арқылы жүзеге асырылады. Мысалы, Оңтүстік Қазақстан облысында өткен жылы кәмелетке толмаған жасөспірімдер атыс қаруының көмегімен 6 рет кісі өлтірген. Ал Шымкент қаласында жоғары сынып оқушылары қаланың ортасында ашық күнде шолақ мылтықпен атысқан. Нәтижесінде 1 жасөспірім ауыр жарақат алып, осы арадан өтіп бара жатқан екі жасөспірім қыздар зардап шекті», деді Бас прокурор.

Осыған қарай ол бүгінгі отырыста кәмелетке толмағандарға қатысты осы және өзге де мәселелерді талқыға салып, қалыптасқан жағдайды түбегейлі өзгертетін тиісті шешімдер қабылдау қажеттігін атап көрсетті.