Жасөспірімдерді жаттықтыру үшін жапон бапкерлері тартылады - дзюдо федерациясы

АСТАНА. ҚазАқпарат – БАҚ өкілдерінің қатысуымен өткен брифингіде Қазақстан дзюдо федерациясының бас хатшысы Асхат Жіткеев балаларды жаттықтыру үшін жапон бапкерлерін тарту жоспарланғанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: instagram.com/kaz_judoteam

«30 жылда біз әлі алтын медаль (дзюдо спортынан – автор түсіндірмесі) алмадық. Жеңіске жету үшін жан жақтан білім жинау қажет. Сол үшін француз мамандарды алып келдік. Сонымен қатар, Жапон бапкерлерін шақыру жоспарда бар. Бір рет осы елден маман алған болатынбыз. Дегенмен оның біздің құрамаға ыңғайы келмеді. Сондықтан біз жасөспірімдер және балаларды жаттықтыру үшін жапон бапкерлерін іздеп жүрміз», - деп тоқталды Асхат Жіткеев.

Бұған қоса, спикер олимпиада ойындарына қатыстыру үшін Қазақстан өзге елдерден легионер алмайтынын баса айтты.

«Өзіміздің елде 90 мың дзюдошы бар. Легионер алу ойда жоқ. Басымдықты ел спортшыларына береміз. Сол үшін де тек шетелден бапкер алдыртып жатырымыз. Өзіміздің қарапайым жігіттеріміз бен қаракөз қыздарымызға бар тәжірибені беріп, жемісін көреміз деп сенемін», - деп пікір қосты Асхат Жіткеев.

Еске сала кетейік, 16-18 маусым аралығында Астанада дзюдодан «Qazaqstan Barysy Grand Slam» турнирі өтеді. Оған әлемнің 42 елінен келген 300-ден астам спортшы қатысады.