Сонымен қатар 500 ойын-сауық орындарының басшылары жазаланған. 8 мыңнан астам жасөспірім қоғамдық орындарда сыра ішкендері үшін жауапқа тартылды. Бұл мәліметтерді бүгін Қазақстан Республикасының құқық қорғау органдарының үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның деректеріне қарағанда, кәмелетке толмағандарға темекі өнімдерін сатқаны үшін 1 мыңнан астам жеке кәсіпкер әкімшілік жауапқа тартылыпты. Тағы 900 адам жасөспірімдерге спирттік ішімдіктер сатқандары үшін жазаланған. «Бұған қоса тәртіп сақшылары құзырлы орган өкілдерімен бірлесе отырып, компьютерлік клубтарға
3 мыңнан астам рейд шараларын ұйымдастырды. Оның барысында түнгі уақытта қыдырып жүрген 1 мың жасөспірім ұсталды. Рейд жұмыстарының нәтижелері бойынша балаларын түнгі уақытта компьютерлік клубтарға жіберген 674 ата-ана мен 150 компьютерлік клуб пен интернет-кафелердің иелері әкімшілік жауапқа тартылды. Сондай-ақ осы бағыттағы жұмыстар барысында компьютерлік клубтарда сабақ өтіп жатқан уақытта жүрген 300-ге жуық оқушы ұсталды. Осы орындарда жасөспірімдер тарапынан 17 қылмыс жасалды», деді комитет төрағасы.