Жасөспірімдер арасында АИТВ жұқтыру 2 есе көбейген

Фото: Александр Павский / Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Елімізде жасөспірімдердің 34%-ы презервативті қалай қолдану керегін білмейді. Ал АИТВ және оның жұғу жолдары туралы ақпараттанған 18 жасқа дейінгі балалардың үлесі 9% ғана.

Бұл туралы ҚР Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментінің директоры «AMANAT» партиясы жанындағы Отбасы және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі кеңес отырысында хабарлады.

— 2018-2023 жылдар аралығында 14-18 жастағы жасөспірімдер арасында АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтыру жағдайлары 2,2 есеге артты — 138-ден 311 жағдайға дейін. Урогенитальды, хламидиялық инфекциялар — 76-дан 134-ке, уреа-микоплазмалық инфекциялар — 222-ден 392-ге дейін көбейген, — дейді Гүлнәр Сәрсенбаева.

Маманның айтуынша, еліміздегі жасөспірімдердің бестен бірі ғана жүктіліктен немесе жыныстық жолмен жұғатын инфекциялардан қорғану тәсілін біледі екен.

— БҰҰ Халық қоныстануы қоры жүргізген 2017-2019 жылдардағы зерттеу нәтижелері бойынша жасөспірімдердің қазіргі заманғы контрацептив құралдарын қолдануы — ел бойынша және аймақтарда 20%-дан аспайды, — дейді ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің маманы.

Айта кетейік, Өзбекстанда шетелдіктер мен мигранттарға ВИЧ-ке міндетті тестілеу енгізілмек.