Жасөспірімдер арасында витилиго ауруы көбейді — дәрігер

Фото: Freepik

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Витилиго қандай ауру, алапес деп жүргеніміз сол ма? Дерт неге жастар арасында дендеді? Бұл сұрақтарға Қызылорда облыстық тері және венерология диспансерінің дерматовенеролог дәрігері Рауа Кәрімова жауап берді.

Витилтиго — тері пигментациясы қызметінің бұзылуы, меланин жетіспеушілігі салдарынан пайда болатын, терідегі ақ дақтармен сипатталатын созылмалы аутоимунды тері ауруы. 

— Ауру 10-35 аралығындағы адамдарда жиі кездеседі. Көбіне аяқ-қол, бет, ерін, мойын бөлігінде, жыныс мүшесінің айналасында кездеседі. Шаш терісінің қабатына шыққан жағдайда шаш ағарады. Өкініштісі сол, витилиго жасөспірімдер арасында көбейіп барады. Оған себеп — гормоналды және эмоционалды өзгеріс, сондай-ақ ұялы телефонды шектен тыс пайдалану. Инфекциялық ауру түрлерімен жиі ауырса, темір тапшылықты анемиясы бола тұра ұзақ уақыт ем қабылдамаса, витилиго шығып кету қаупі жоғары. Сонымен қатар 45 пен 55 жас аралығында ағза биологиялық тұрғыда өзгеріске ұшырайды, әйелдерде еттеккір циклі тоқтайды. Осы екі кезеңде витилиго жиі кездеседі, — деді Рауа Кәрімова. 

Дәрігердің сөзіне сүйенсек, елімізде витилиго ауруы Д санатындағы есепке алынбайды. 

— Көп қаржы адамның өміріне қауіпті қатерлі ісік, қант диабеті секілді дертті зерттеуге жұмсалады. Әлемде және Қазақстанда витилигоны маңызды ауру санамайды. Сондықтан оны зерттеуге мардымсыз қаржы бөлінеді, тіпті кейде бөлінбейді. Мемлекет тарапынан тегін дәрі-дәрмек берілмейді. Біздің диспансерде арнайы тізімге енген науқастар фотокабинада жергілікті ультракүлгін сәулесі мен қосымша ем қабылдайды. Оны псориаз, атопиялық дерматит және тағы басқа тері ауруларына шалдыққан науқастар да пайдалана алады, — деді диспансердің дерматовенеролог дәрігері. 

Фото: Рауа Кәрімованың жеке архивінен

Витилигоны алапес, яғни лепра ауруымен шатастырмау керек. Алапес — созылмалы бактерия тудыратын жұқпалы ауру. Бұл жағдайда ең көп зардап шегетін — аяқ-қолдың жүйкесі, мұрынның шырышты қабаты және жоғары тыныс алу жолдары, тері бөлігі.

Маман қазір бұл ауру сирек кездесетінін, әйтсе де өте қауіпті әрі емделуі қиын екенін атап өтті. 

— Кейбіріміз айтып жүргендей, лепра немесе витилиго ағарған өнім мен балықты араластырып ішіп-жегеннен пайда болады деу қате. Бұл ғылыми тұрғыда дәлелденбеген. Ескеретін нәрсе, витилиго жұқпалы емес. Көбіне тұқым қуалайды. Стастистикаға қарасақ, оған шалдыққандардың шамамен 30-40%-ның, яғни үш науқастың бірінің туысында осындай дерт бар болып шығады. Ата-аналар балаларының бойынан көп жағдайда жаздыкүні күн сәулесін қабылдағаннан кейін байқайды. Ауруды толық емдеп жазу ұзақ уақыт алады және қиын. Бірақ аурудың даму қарқынын бәсеңдетуге немесе косметикалық тұрғыдан жақсартуға болады. Ол үшін жергілікті кортикостероидты жақпа майын, имуномодулятор, фототерапия, ультракүлгін сәулесімен емдеу тәсілдері қолданылады. Сирек жағдайда тері трансплантациясы жасалады, — дейді Рауа Кәрімова. 

Дәрігер витилигосы бар адам үшін күннің астында ұзақ жүру қауіпті екенін ескертті.

Фото: Pixabay

— Сондықтан кешке, күннің әсері аздау кезде сыртқа шыққан жөн. Күннің астында 10 минуттан артық болмауға кеңес беремін. Өйткені бұл уақыт ішінде адам денесі күйіп үлгермейді. Күндіз күннен қорғайтын SPF30 немесе SPF50 кремін жағып жүрген дұрыс. Ауруды өршітіп алмас үшін қолшатыр ұстап немесе бас киім киіп жүру керек, — деді ол. 

Бұған дейін біз жаз мезгілінде жедел ішек инфекциясынан қалай сақтануға болатыны туралы дәрігер кеңесін ұсынған болатынбыз.