Жасөспірімдер жүктілігі мәселесін әуелі ата-анаға түсіндіру керек - дәрігер

Фото: Салтанат Тобылбаеваның жеке мұрағатынан

АҚТӨБЕ. KAZINFORM — Биыл Ақтөбеде кәмелет жасына толмаған 33 қыз жүкті болды. Оның үшеуі оқушы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасы-ның штаттан тыс бас гинекологі Салтанат Тобылбаева Kazinform тілшісіне ерте жетілу, жыныстық аурулар мен сақтану, алдын алу жұмыстары туралы айтып берді.

— Ұзақ жылдан бері облыстық денсаулық сақтау басқармасының штаттан тыс бас гинекологі қызметінде жүрсіз. Алдымен қазіргі статистикаға тоқталсаңыз…

— Биыл бірінші тоқсанда кәмелетке толмаған 33 қыз жүкті болып қалды. Былтыр да дәл осындай дерек тіркелді. Жас ерекшелігіне келер болсақ, жүкті қы-здардың 76 пайызы (25 қыз) 17-18 жаста. Ал жетеуі 16 жаста, біреуі 15 жаста. Бөлініс кезінде 67 пайызы қала, 33 пайызы ауданда тұратыны анықталды. Әлеуметтік-тұрмыстық жағдайына қараған кезде жасөспірімдердің 45 пайызы толық отбасынан, ал 55 пайызы толық емес отбасынан шыққан. Сонымен бірге көбінің колледж студенті екені анықталып отыр. Яғни 25-і колледжде білім алса, үшеуі — мектеп оқушысы. Қазіргі кезде 30-ы сәбиін өмірге әкелуге шешім қабылдады. Ал үшеуі әлеуметтік көрсеткішіне байланысты жүктілікті үзді.

— Жасөспірім қыздар, яғни, оқушылар, білім алушылар арасында гинекологиялық аурудың қай түрі жиі кездеседі? 

— 5 жыл бұрын жасөспірім қыздар арасында жыныс мүшелерінің қабынуы жиі тіркелетін еді. Кішкентай қыздарда инфекцияның созылмалы ошағы болып, содан анықталатын. Ол созылмалы тонзиллит, зәр шығару жолдары ауруынан (цистит, пиелонефрит) болуы мүмкін. Ал соңғы үш жылда бірінші орынға етеккір циклдің бұзылуы шықты. Гиперполименорея, яғни кәмелетке толмаған қыздарда қан кету дерті анықталып жатыр. Бұл ауру қан аздыққа душар етуі мүмкін. Сондықтан кейде ауруханаға жатқызып, емдеуге тура келеді. Статистикаға сүйенсек, кәмелетке толмаған қыз балалар арасында тіркелген аурудың 47%-на менструация циклінің бұзылуы диагнозы қойылды. Бұл дегеніміз 2951 қызға ем жасалды.

Ал 44 пайызында жыныс мүшесінің қабынуы тіркелді. Мұнда түрлі созылмалы аурумен қатар аналық бездің ісігі, жыныс мүшесі дамуының бұзылуы, жарақаты, түрлі отадан кейінгі жағдайы да кіреді. Хирургтер отадан кейін гинекологке жіберіп, оңалту шарасы қабылданады. Ол балалар үнемі бақылауда болуы керек. Егер қарап, бақылап тұрмасақ, жылауық (киста-ред.) қайта шығуы мүмкін. Үш жылда 7651 қыз емделді. Оның 14% ауылда тұрады. Біз үнемі ашық есік күнін өткіземіз, кездесулер ұйымдастырамыз. Дегенмен жасөспірім қыздар жүкті болып қалып жатыр. 26 жылдық тәжірибесі бар маман ретінде айтарым — балалардың өзімен қатар ата-анасына да түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Соларға дәріс оқу қажет.

Фото: freepik

Мектепте, колледжде емес, жұмыс орнына барып өткізсе тиімді болады. Мәселен банкке барамыз, кәлмелетке толмаған балалары (14-19 жас аралығындағы) бар ата-аналарды жинаймыз, дәріс оқимыз. Жасөспірімдермен қалай, не туралы сөйлесу керек екенін үйретеміз. Тым кішкентай (жасөспірім) қыздар жүкті болып қалып жатады. Сирек те болса бар. Қыздар 15 жастан бастап жыныстық қатынасқа түседі. Демек бұл туралы 14-15 жасқа толғанда айту керек. «Ұят болады» деп қашып, қорқып жүргеннен мәселе шешілмейді. Ашық әрі турасын айту керек. Біз неғұрлым жиі айтып, түсіндірсек, олар да соғұрлым балаларымен сөйлесіп, кеңес береді. Тіпті ата-ананы баласымен сөйлесуге үгіттеген жөн. Қазір бізде ересектер жұмыстан шаршап үйіне барады, тамақтанып, ұйықтап қалады. Ал балалармен ешкім сөйлеспейді. Дәрігерлер кездесу өткізіп, тілшілер бұл мәселені көтеріп, мақала жазады, мұғалімдер де кездесу өткізеді, соған ата-аналары да қосылуы тиіс. Менің ойымша сол кезде жағдай өзгереді. 

— Қазір кәмелетке толмаған қыздарға бәрі ақпарат береді, тек ата-ана ғана әлсіздік танытып тұр…

— Иә, енді ата-анаға дәріс берсек, нәтижесі болады деп ойлаймын. Біз репродуктивті денсаулық апталығын өткіздік, 18 жасқа дейін жыныстық қатынасқа түспеу керек екенін айттық. Инфекция мен жүктіліктің алдын алудың ең тиімді жолы осы. Түрлі қорғаныс құралы, дәрі, өзге амалдар толық сақтандыра алмайды. Соны ұғындырған абзал. Себебі АИТВ жұқпасы емделмейді. Міне, осындай деректерді білсе, жасөспірім бала кезден бәрін ұғып өседі. Ал егер жыныстық қатынасқа түскен болса, дәрігерлерге, ата-анаға айтудан қорықпау керек. Баланы соған тәрбиелесе екен дейміз. Балалар қорқады, сөйтіп жүктіліктің 20-21 апталығында келеді. Ол кезде бәрі кеш.

Фото: Жамбыл облысы денсаулық сақтау басқармасы

— Қыздарды неше жастан бастап балалар гинекологіне апарған дұрыс?

— Бала өмірге елген соң сәбиді гинекологке қаратуға болады. Бұл туабітті ауруды анықтауға мүмкіндік береді. Кейін жылына бір рет әкелсе болады. Бізде туабітті ауруды дер кезінде анықтамай, бойжеткенде ғана білеміз. Бұл қыздарымыздың ана атануына кедергі келтіреді. Туабітті жатыры болмайды, аналық безі жоқ, етеккірі кеш келіп, циклі бұзылады. Мұның бәрін 11-12 жаста да анықтауға болады. Негізі жыныс мүшесі 8 жастан бастап дамиды. Одан ерте дамыса, бұл да өзгеріс. Кейде балалар іші ауыратынын айтады. Кейбірі соқырішек деп ойлайды, ішек жолдары ауыруы мүмкін деп топшалайды. Сөйтіп аналық бездегі ісікті кеш анықтап жатады. Ол кезде аналық безінен айырылуы мүмкін. Менструация кезінде қан сыртқа шықпай, ішке тепсе де қауіпті дерт. 

— Қазір гинекология кабинеттері көп, бірақ балалар гинекологі тапшы секілді. Әлде қалай?

— Қазіргі кезде балалар гинекологі деген бөлек мамандық жоқ. Бірақ гинеко-лог жасөспірімдерді де қарай алады. Олар саланы меңгеріп, қосымша оқиды. Ал облыстық перинаталды орталыққа түрлі диагнозы бар қыздар жіберіледі, емделеді, ота да жасалады. 

— Қайта ата-ана мен балалар арасындағы қарым-қатынасқа оралсақ. Бұған дейін дәрігерлер менталитетіміз осы деп айтты. Қазір қалай?

— Өзгеріс байқалмайды. Репродуктивті денсаулық апталығын өткізген кезде Zoom арқылы тікелей байланысқа шықтық. Ол кезде аудан, ауылдағы мектеп оқушыларының ата-аналары қатысты. Кейбір ата-ана «бұл неге керек» деп ренішін білдірді. Егер ата-ана мұндай ақпарат балаларына қажет емес деп тапса, заң бойынша біз бұл дәрісті өткізе алмаймыз. Кейбірі мүлде бас тартады. Олар балалары ондай әрекетке бармайды, жүкті болмайды деп санайды. Дәріс кезінде жүктіліктен сақтану, жұқпалы дерттен қорғану жайын ғана емес, біз түрлі ауру жайын жеткіземіз. Артық салмақтан, салмақ аз болғаннан, күйзелістен қан кетуі мүмкін, туабітті ауруы болуы ықтимал. Біз ауруды емдеу, жүктіліктің алдын алу, жыныстық қатынас арқылы жұғатын инфекциядан сақтану жолын түсіндіреміз. Балаға қатыстының бәріне біз алаңдап отырамыз. 

— Жүктілік неге кеш анықталады?

— Біріншіден ата-анасына, ұстазына, жақындарына айтуға қорғады, екіншіден, жігіт бас тартады. Соңында қыз жалғыз қалады. Уақыт өте келе іші білініп, анықталады. Кәмелетке толмағандар арасындағы 90% осылай белгілі болып жатыр. Бұл мәселе тек жасөспірімдер арасында ғана емес, бала тууға қабілетті әйелдер арасында да өзекті. 

Фото: Әділет Бірімқұлов/ Kazinform

— Ата-ана қызымен, ұлымен әңгімені қалай бастай алады?

— Баламен сөйлесуден қорықпаған жөн. Ата-ана баласымен жақын болса жағдайын толық біледі, ол кездескен қиындықтарды бірге шешуге тырысады. Тіпті қандай бағдарламалар, кино қарап, не ойнайтынын білген жөн. Баланың телефонын тартып алып, ақтару міндетті емес, жанында отырып, бірге қараса болады. Сол кезде баланың болмысы көрінеді. Кейін мысал келтіріп, мектепте, әріптестер арасында кездескен оқиғаны айтып, сақтану, алдын алу жолын айтамыз. Кейбір инфекция — емделмейді. Дәл осылай ашық айтқан дұрыс. Біріншіден бала қорқады, екіншіден ойында қандай да бір ақпарат қалады. Интернеттегі ақпаратты ашып беріп, «өзің қарап, түсініп ал» деу қажет емес. Онда ақпарат іріктелмеген, расталмаған, тіпті тым ашық айтылған. Ал ата-ана ретін біледі, баласына жаны ашып, түсіндіреді. Кейде оқушылар «бір рет жыныс қатынасына түскенде жүкті болып қала ма, инфекция жұқтыра ма» деп сұрайды. Тіпті инфекция емделетінін айтады. Иә, емделеді. Бірақ бәрі емес, кейбірі. АИТВ, В, С гепатиттері қауіпті. Жұқтырған адамның сау баланы өмірге әкелуі қиын. Бұл тақырыптан қашқақтамаған жөн.

— Тек қыздарға емес, ер балаларға да дәріс оқу керек шығар…

— Әрине, бұрын қыздар мен ер балаларды бөліп, дәріс оқитын. Қазір бәрін бірге өткіземіз. Кездесуге уролог, андролог, дерматолог та қатысады. Тиімді бұл. Ақтөбеліктер облыстық перинаталды орталықта балалар гинекологі бар екенін, қабылдау тегін жүретінін білуі тиіс. Учаскелік дәрігерден жолдама алып, келуге болады. Тіпті кеңес алса да болады. Ата-анасы жанында болған жақсы, егер болмаса, тек кеңес бере аламыз. Мұнда қыз балалармен сөйлесетін психолог, генетик те бар. Ал қаладағы 4 емханада Жастар орталығы жұмыс істеп тұр. Жастар орталығы кез келген жасты кез келген уақытта қабылдайды. Оған да жастар аз барады. Бәрі ұялады әлі.