АСТАНА. KAZINFORM - Шри-Ланка астанасы Коломбо қаласында өтіп жатқан 22 жасқа дейінгі спортшылар және жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық боксшылардың 16 мамырдағы нәтижесі белгілі болды.
Құрлықтық додада Диас Берікбай (51 келі)Азия чемпионаты жартылай финалына жолдама алды.
Ол жарысты ширек финалдан бастап Камбоджа өкілінен бір бас жоғары болды. Енді финал жолдамасын Непал спортшысымен сарапқа салады.
Cондай-ақ 22 жасқа дейінгі санатта Жасурбек Анорбаев (57 келі) жекпе-жек барысында Шри-Ланка боксшысын 3 рет есеңгіретіп, мерзімінен бұрын басым түсті. Оның ендігі қарсыласы - Непал боксшысы.
Аталған жас санатында Нұрислам Қалдыбаев (60 келі) ширек финалда IBA бейтарап команда өкілімен күш сынасады.
Құрлықтық додада ріктеу кезеңі 18 мамырға дейін жалғасcа, 20 және 21 мамыр күндері жартылай финал өтеді.
Ал 22 және 23 мамырда финалдық жекпе-жек өткізіледі. Құрлықтық дода ресми түрде 24 мамырда жабылады.
Әділжан Үмбет
1996 жылы Әл-Фараби атындағы Қазақ мемлекеттік ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған. Еңбек жолын 1996 жылы Алматы қалалық «Алматы ақшамы» газетінде бастады. Одан кейін жылдарда Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде, «Ақмешіт ақшамы», «Сыр бойы» газеттерінде қызмет атқарып келеді.
2015-2020 жылдарда «Ақмешіт апталығы» газетінің бас редакторы болды.
Негізгі қызметімен қосып 2006-2014 жылдарда республикалық «Жас Қазақ», «Алаш айнасы» газеттерінің Қызылорда облысындағы меншікті тілшісі болып еңбек етті.
2018 жылдан бері «Kazinform» ақпарат агенттігінде Қызылорда облысындағы меншікті тілші.