Жастар арасындағы Азия чемпионатында қазақстандық ауыр атлеттер тағы екі медаль алды

АСТАНА. KAZINFORM – Қазақстандық ауыр атлет Матвей Макрушин елордада өтіп жатқан жасөспірімдер мен жастар арасындағы Азия чемпионатында күміс медальға ие болды. 

Фото: ҰОК

100 келіге дейінгі салмақта өнер көрсеткен Матвей қоссайыстың қорытындысы бойынша 331 (148 183) келіні еңсеріп, жастар арасында күміс жүлдеге қол жеткізді.

Ал Өзбекстан өкілі Кудротбек Залимжонов 360 (169 191) келіні бағындырып, алтын медальға ие болды. Түрікменстандық ауыр атлет Сулеймен Джафаров 327 (145 182) келі көтеріп, үшінші орынды қанағат тұтты. 

Тағы бір жерлесіміз Санжар Жолтай 110 келіден жоғары салмақ дәрежесінде қола жүлдені қанжығасына байлады. Ол қоссайыстың қорытындысы бойынша 340 (155 185) келіні еңсерді. 

Бірінші орынды Сирия өкілі Касвара Джгили иеленді – 364 (164 200) келі. Екінші орынға өзбекстандық Омидолло Олимов жайғасты – 351 (161 190) келі.

Еске салсақ, бұған дейін ауыр атлет Аңсар Тұрсынбектің елордадағы Азия чемпионатында күміс жүлде алғанын жазған едік.