Жастар арасында діни жат ағымдардың таралуына жол бермеу қажет - БҚО

None
ОРАЛ. 21 қаңтар. ҚазАқпарат /Елжан Ералы/ - Жастар арасында діни жат ағымдардың таралуына жол бермеу қажет. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған дөңгелек үстел отырысында айтылды.

Алдымен облыстық ішкі саясат басқармасы үкіметтік емес ұйымдар және діни бірлестіктермен жұмыс бөлімінің бастығы Жамал Иқсанова сөз алды.

-Біз өткен жылдың қазан айында бас қосып, нақты пікірлерді ортаға салып, бірқатар шешім алған едік. Сонда қандай істер жоспарлаймыз деген мәселе көтеріліп, барлық оқу орындарындағы қоғамдық бірлестіктерге осы бағыттағы жұмыс жоспарын жасау тапсырылды. Өкінішке қарай, 27 оқу орнының төртеуі ғана біздің бөліммен тұрақты байланыс жасап келеді. Ал көпшілігі шақырылған жиынға да келмей қалады. Сондықтан ең бірінші оқу орындарындағы қоғамдық бірлестіктердің жұмысын жолға қою керек. Егер бірлестік жетекшілері жұмыс істегісі келмесе, онда ректордың атына арнайы хат жазып, істі алып жүре алатын жаңа басшы тағайындау қажет деп есептеймін, - деп түйіндеді сөзін ол.

Облыстық діни істер департаментінің бас маманы Ғилымбек Мәжиев жастар арасында жат ағымдардың таралуына қарсы жасалып жатқан жұмыстар жөнінде әңгімелесе, облыстағы өкіл имам Смайыл Сейітбек жастар арасында діни сауаттың төменділігін тілге тиек етті. Дінге бет бұрған жастардың мешіттерге келіп дәріс алу қажеттігін, сондағы діни сауаты жоғары ұстаздардан ақыл-кенес таңдау артық болмайтынын ескертті.

Жастарды жат ағымдардан қорғау, солардың ықпалына түскендерге психологиялық, әлеуметтік, құқықтық көмек көрсету бағытында екі жылдан бері жұмыстанып келе жатқан ұйым - «Жайық» деструктивтік діни ағымдардан жапа шеккендерге көмек орталығы» қоғамдық бірлестігі. Бірлестік басшысы Ләззат Шағатай өз сөзінде көпшілікті алдағы жұмыс жоспарымен таныстырды. Жиында сөз алғандар діни экстремизмнің жолын кесу бағытында өздерінің нақты ұсыныс-пікірлерін білдірді. Жиынды қорытындылаған облыстық ішкі саясат басқармасы бастығының орынбасары Мұратқали Төрегелдиев қоғамдық бірлестіктердің жұмысын жандандыруды тапсырды.