Жастар арасындағы көшбасшылықты дамыту бағдарламасын әзірлеу қажет - «Жария» клубы

АСТАНА. 25 ақпан. ҚазАқпарат /Арман Асқаров/ - Алдағы 3 жылда бізде жастар арасындағы көшбасшылықты дамыту бағдарламасы болуы қажет.

Жаңадан құрылған «Жария» журналистер клубының бүгін елордада өткен алғашқы отырысында клуб мүшесі, журналист Серік Ерғали осындай ұсыныс жасады.

Оның пайымдауынша, қоғамдағы жастардың саяси белсенділігін олардың ішіндегі көшбасшылардың санымен анықтау қажет. «Бұл көрсеткіш өссе, біздің қоғамымыздың даму деңгейі де көтеріледі. Көшбасшы деген ұйым төрағасы, я болмаса, отырыс модераторы емес. Ол нақты азаматтық ұстанымы мен саяси көзқарасы бар азамат болуы шарт. Меніңше, алдағы 3 жылда бізде жастар арасындағы көшбасшылықты дамыту бағдарламасы болуы қажет. Оның негізінде біз жастардың барлық орталарында азаматтық және саяси көшбасшылықты дамытуымыз керек», - дейді С.Ерғали.