Жастар азаматтық борышын қандай әскерде өткергісі келеді

АСТАНА. ҚазАқпарат – Қазақстан жастарының көпшілігі азаматтық борышын десанттық-шабуылдаушы әскерде және Мемлекеттік күзет қызметінде өткергісі келеді. Бұл туралы Қарулы күштер Бас штабының ұйымдастыру-жұмылдыру жұмыстары департаментінің бастығы Бауыржан Артықов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Фото: ortcom.kz

«Ең алдымен десанттық-шабуылдаушы әскер мен Мемлекеттік күзет қызметі өте танымал. Кейбіреулері Шекара қызметі бөлімшелерінің әскери бөлімі орналасқан өңірлерде әскери борышын өтеуді қалайды. Мәселен, Шығыс және Оңтүстік өңірлерде. Негізінен жастардың басым бөлігі десантшы немесе теңіз жаяу әскері болғысы келеді», - деді Бауыржан Артықов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында БАҚ өкілдерінің сауалына орай.

Ал Қорғаныс министрінің орынбасары Дархан Ахмедиев өзге де әскери бөлімдерде борышын өтеуге тырысатын жастардың бар екендігін айтады.

«Бізде жиі шығып, мерзімді қызмет жауынгерлерімен әңгімелесіп тұрамыз. Өзі қалаған әскер түріне мақсатты түрде барғысы келетіндер де бар. Яғни, бәрі де жеке адамның қалауына байланысты. Жалпы, мұндай трендтің бар екендігі сөзсіз», - деді министр орынбасары.