Жастар бейбіт күннің қадірін білуі керек – соғыс ардагері

Фото: Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда ҰҚК Шекара қызметінің ұйымдастырумен Жеңістің 80 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өтті.

Ұлы Жеңіс тағылымдары: тарихи жады, патриотизм және заманауи сын-қатерлер» атты ғылыми-тәжірибелік конференцияға соғыс ардагерлері, тыл еңбеккерлері, ұлттық ғылым академиясы, «Генералдар кеңесі» республикалық қоғамдық бірлестігінің өкілдері, ұлттық қауіпсіздік комитетінің академиясы, ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара академиясының ғалымдары, әскери қызметкерлер мен жоғары оқу орындарының студенттері қатысты.

Фото: Алма Мұқанова/Kazinform

Конференцияның мақсаты – жастар арасында екінші дүниежүзілік соғысы туралы білімдерін қалыптастыру және ардагерлер ерлігін мәңгі есте сақтау. Жас ұрпақты Отанды сүюге, қорғауға тәрбиелеу. Жастарды елін, жерін құрметтейтін саналы азамат етіп тәрбиелеу, ерлік істерге тағзым етуге, ерлік пен батылдыққа, ата-баба рухына тағзым етуге баулу.

Шара барысында биыл ғасыр тойын тойлағалы отырған соғыс ардагері Михаил Уколов жиналғандарды Жеңістің 80 жылдығы мерекесімен құттықтап, елге бейбітшілік, береке-бірлік тіледі.

Фото: Алма Мұқанова/ Kazinform

– Қорғаныста тұрып, біз өліспей, беріспедік. Бейбітшілікті сақтау келешек ұрпағымыз үшін маңызды еді. Жеңіс оңай келген жоқ. Жастар бейбіт күннің қадірін білуі керек,– деді ардагер.

Әскери ғылымдардың докторы, академик Досай Абраимов қазақстандық жауынгерлердің фашистік басқыншыларды жеңуге қосқан үлесі мен әскери тарихтың басқа да мәселелері туралы айтты.

– Халық Қаһарманы Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі жайында талай рет айтылды. Рейхстагқа бірінші болып жеңіс туын тіккенін де көпшілік жақсы біледі. Екеудің ерлігін сол күннің ертеңіне-ақ майдан газеттері жарыса жазып жатты. Бірақ пендешілікпен әділдіктен аттап кеткендер де болды. Сол кездегі солақай саясатқа байланысты «Жеңіс туын» тігу мәртебесі тек орыс және грузин ұлтына тиесілі болу керек еді. Сондықтан соғыстың қанды қырғыны бәсеңдеген сәтте Егоров пен Кантария Жеңіс туын ресми түрде Рейхстагтың төбесіне апарып қадады делінген. Рақымжан Қошқарбаевтың ерлігі араға жылдар салып мойындалды, – деді ол .

Фото: Алма Мұқанова/Kazinform
Фото: Алма Мұқанова/ Kazinform
Фото: Алма Мұқанова/Kazinform
Фото: Алма Мұқанова/ Kazinform

Конференция аясында көрме ұйымдастырылды.

Биыл Екінші дүниежүзілік соғыстағы (1941–1945) Жеңіске 80 жыл толады. Осыған байланысты ТМД елдерінде 2025 жыл «Жеңістің 80 жылдығы және нацизмге қарсы күрестегі бірлік жылы» деп жарияланды