Жастар болашағын ауылмен байланыстыра ма

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Жастар болашағын ауылмен байланыстыра ма? Дәл осы сауалға бүгін «Ауыл» партиясының жастар қанаты ұйымдастырған пікірталас барысында жастар жауап табуға тырысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Елордадағы С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінде өткен шараға «Дала» мен «Қала» командалары қатысып, жастар «Дала жақсы ма, қала жақсы ма?» деген сауал төңірегінде пікір өрбітті.

«Мақтау», «сақтау», «баптау» раундтары арқылы өткен пікірталас барысында «Дала» командасының мүшелері Ботажан мен Нұрсұлтан ауылдың жақсы тұстарын айтып, онда тұрудың қолайлы екендігін дәлелдеуге тырысты.

«Ауылдың экологиясы өте таза. Сондықтан да өндірілетін өнімнің барлығы да сапалы әрі адам ағзасы үшін өте пайдалы болып келеді. Бұған қоса, қаймағы бұзылмаған қазақ ауылдарында ата-бабамыздың салт-дәстүрі сақталып, қонақжайлық қасиеті бұзылмаған. Ауылда тұрсаңыз таза ауада демалып, экологиялық таза ас ішіп қана қоймай рухани жағынан бай боласыз», - деді Ботажан.

Ал «Қала» командасының мүшелері Шерхан мен Аяулым қалада өмір сүру адам үшін барынша қолайлы екендігін айтып, қарсыластарын өз сөздеріне иландыруға тырысты.

Мәселен, Аяулым ауылдық жерде ағылшын тілінде білім беретін мұғалімдердің тапшы екендігін айта келе, қалада бұл тұрғыдан алғанда мүмкіндіктің жоғары екенін алға тартты.