Жастар өміріне қатысты өзекті мәселелердің бірі - олардың өміріне дәстүрлі емес діндердің араласуы - дөңгелек үстел отырысы

None
АСТАНА. Тамыздың 10-ы. ҚазАқпарат /Айдар Оспаналиев/ - Бүгінде жастар өміріне қатысты мәселелер өте көп. Солардың ең маңыздысы жастардың ортасына дәстүрлі емес және өзге де діндердің дендеп еніп бара жатқандығы.

Бұл пікірді бүгін Астанада «Жастар арасындағы дінаралық қатынас: проблемалар, олардың шешілу жолдары» атты тақырыпта өткен дөңгелек үстел отырысында Мәдениет министрлігінің Дін істері комитеті Халықаралық мәдениет және дін орталығының әлеуметтік зерттеулер бөлімінің ғылыми қызметкері Александра Немова айтты.

Оның сөзіне қарағанда, бұл мәселеге немқұрайлы қарауға болмайды. «Біз қалыптасқан проблемаға көз жұмып қарамай, керісінше оны жеделдетіп шешуге тырысуымыз қажет. Себебі дәстүрлі емес дін өкілдері жастарды өз араларына кез-келген тәсілмен тартуға тырысып бағуда. Олар түрлі жастар клубтары мен хор әншілерінің үйірмесін ұйымдастырып, жазғы демалыс лагерлеріне саяхат жасау сияқты көптеген тәсілдерді қолданып жүр. Олар өздерінің әндері мен өлеңдерін жазады. Елдегі дәстүрлі емес дін өкілдері мектепке дейінгі балалармен де одан кейінгі жастармен де тіпті қариялармен де жұмыс істейді. Олар өздерінің үгіт-насихат құралдарын да жасап алған. Сөйтіп олар жастарды өздерінің араларына барынша көбірек тартуға тырысып бағуда», деді А.Немова.

Оның пікірінше, мұндай жағдайда біздің, яғни қоғамдық, жастар ұйымдары мен түрлі қорлардың, дәстүрлі діндердің басты міндеті - жастар мен жасөспірімдерге бейтаныс діни ұйымдардың соңы немен тынуы мүмкіндігі жөнінде кеңірек ақпарат беру болуы тиіс. «Жалпы ересек адамдар әдетте өздерінің проблемалары туралы көп айтып жатады. Ал шындығында бұл проблемалар ересектерден көрі жастарда көп. Олардың ата-анасымен қарым-қатынасынан бастап, оқу орнындағы жағдайлары, ауладағы, көшедегі қарым-қатынас - бәрі де проблема. Жастар осындай мәселелермен бастары қатып жүргенде оларға көмекке дәстүрлі емес діндердің әккі өкілдері келеді. Сондықтан біз жастар мен жасөспірімдер тәрбиесін бір сәт те назардан тыс қалдырмауымыз керек», деді ғылыми қызметкер.