Жастар өздерін дамытуға күш жұмсауы тиіс - ғалым

ҚЫЗЫЛОРДА. ҚазАқпарат - Бүгінгі жастар өзін-өзі дамытуға бар күш-жігерлерін жұмсауы тиіс. Бұл туралы Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемелкеттік университетінің оқытушысы, ғалым Күлшат Қамзаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазіргі таңда мемлекет жас ұрпақтың әлеуметтік, зияткерлік, мәдени және экономикалық әлеуетін жүзеге асыру үшін жағдай жасау мақсатында шаралар, бағдарламалар жүйесін ұсынады. Бүгінде соңғы буын жаңа талаптарға бейімделіп, еңбек, саяси және құқықтық өмір сүру салаларындағы білім, нормалар, құндылықтар мен дәстүрлер жүйесін меңгеруі тиіс. Қоғамның дамуында жастардың рөлі зор. Олар ақылды, ынталы, жігерлі буын ретінде қалыптасып келеді. Осының арқасында жастар қоғамды нығайту мен жаңғыртудың қозғаушы күші болып табылады. Олардың қоғам өмірінің барлық салаларына қатысу моделі өзгерді. Жастар әрбір өзгерісті, әлеуметтік реформаны қолдайды. Қазақстан жастары - бұл әлеуметтік өзгерістердің маңызды субъектісі. Дәл солармен реформаланған ел болашақта мүмкін болатын өзгерістерді байланыстырады», - деді К.Қамзаева.

К.Қамзаеваның айтуынша, жастар өзін-өзі дамытуға бар күш-жігерлерін жұмсауы тиіс. Өйткені, жалпы мемлекеттің дамуы жастардың ұмтылысына байланысты екені даусыз. Елбасы Жолдауын, жүргiзiлiп жатқан реформалардың мәнiн және олардың Отанымызды өркендету жолындағы маңызын әрбiр қазақстандық жете түсiнуi керек. Елбасы 2019 жылды «Жастар жылы» деп жариялауды ұсынды. 

«Менiң ойымша, бұл өте жақсы шешiм. Осы арқылы ол өзiнiң жастарға, бiзге деген үлкен сенiмiн көрсетiп отыр. Жастардың еңбектеуiне барынша жағдай жасалуда. Мен ұстаз ретiнде Елбасы бастауымен қолға алынып жатқан бағдарлама мен реформалардың барлығын қолдаймын. Мемлекет басшысы мұғалiмдердiң мәртебесiн көтеру, бiлiктiлiктерiн арттыру, еңбекақы, кадрларды даярлау мәселелерiне тоқталып, олардың төңiрегiнде қалыптасқан ахуалдар жайында дөп басып айтты. Еңбекақының көбейтiлуi туралы жаңалықты ұстаздар қауымы қуана қабылдағаны рас. Бүгiнгi ұстаздарға қойылатын талап - заманауи сұраныстарға сай болу. Жаңа технологияны меңгерген, кәсiби деңгейi қалыптасқан, жан-жақты дамыған, саяси сауатты, рухани бай ұстаздар жетерлік», - деді ғалым.