Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес, жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейін төмендету мақсатында биыл «Жастар практикасы» бағдарламасының мерзімін 12 айға, ал жалақысын 30 АЕК-дейін көтеру жоспарланған болатын. Осыған орай Шымкентте 2,5 мыңнан астам жас аталған бағдарламаға қатысып, нәтижесінде 1283-сі қаладағы түрлі мекемелер мен кәсіпорындарда тұрақты жұмысқа орналасқан.
Солардың бірі – Назерке Тағаева. М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде «құқықтану» мамандығын меңгерген ол, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментіне 6 ай мерзім бойынша жастар тәжірибесіне жолданды. Өзін тәжірибелі жас маман ретінде көрсетіп, кейінен департамент тарапынан ҚР Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігі Ұлттық статистика бюросының Шымкент қаласы бойынша департаментіне тұрақты жұмысқа орналасты.
«Мемлекеттік бағдарламаның тиімділігін көріп отырмын. Жастарға уақытша жұмыстан тұрақты жұмысқа орналасуға мүмкіндік бар екендігін айта аламын. Бүгінде мен Шымкент қаласының Статистика департаментінде заң бөлімінде жетекші маман ретінде қызмет атқарамын», - дейді Назерке Нұрланқызы.
Аталған департаментте дәл осылай мемлекеттік бағдарламаның арқасында тұрақты жұмысқа орналасқан жастардың бірі –Ержан Бексұлтан. М.Сапарбаев атындағы Оңтүстік Қазақстан Гуманитарлық институтында «экономист» мамандығын меңгерген ол, Статистика департаментінде жастар практикасынан өтіп, кейінен тәжірибеден соң сол мекемеде тұрақты жұмысқа орналасқан. Қазіргі таңда персоналды басқару бөлімінде бас маман қызметін атқарып жүр.