Жастар ресурстық орталықтарының жұмысы қалай жанданады

None
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов Жастар ресурстық орталықтарының жұмысы қалай жанданатынын түсіндірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қазақстанда 227 жастар ресурстық орталығы бар. Бізде мемлекеттік жастар саясаты саласындағы ахуал шоғырландырылған Ұлттық баяндама бар. 2020 жылғы Ұлттық баяндама жастардың 45 пайызы ғана мемлекеттік бағдарламаларды білетінін көрсетті. Бәлкім жастарға кейбір бағыттар қызық емес шығар. Біз орталықта, өңірлік деңгейде қолға алынған кейбір бағдарламалар діттеген жеріне, яғни, жастарға жетпей жататынын көріп жүрміз. Жастар ресурстық орталықтары кез келген жас келіп, жұмысқа орналасу, білім алу, баспана алу сияқты мәселелер бойынша толыққанды ақпарат алатын орынға айналуы керек. Қазір осы мақсатты заңнамалық тұрғыда іске асырудың жаңа алгоритмдерін қарастырып жатырмыз. Саяси реформаларға жастар тікелей атсалысатын болады», - деді Шахмардан Байманов.

Комитет басшысының айтуынша, жастар ресурстық орталықтары аталған мәселе бойынша үлкен талдау жасап жатыр.

«Өңірлердің тең жартысын аралап шықтық. Кейбір өңірлердің жастарымен онлайн кездесулер өткіземіз. Сол кездесулердің бәрінде жастар ресурстық орталықтарын проактивті консалтинг орталық ретінде тиімді жұмыс істету жолдарын талқылаймыз», - Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы.