«Жастар Рухы» Жастар қанаты вандализммен қоғам болып күресуге шақырады
«AMANAT» партиясы «Жастар Рухы» Жастар қанатының мүшелері Қазақстанның тарихи, мәдени және табиғи мұрасын вандализмнен сақтау мақсатында ауқымды акция бастаған болатын. Бүгінде Жастар қанатының белсенділері қала ішіндегі де вандализммен күресті бастап кетті, деп хабарлайды Kazinform.
Жастар қанатының белсенділері автобус бекеттерін, балалар ойын алаңдарын, жерасты жаяу жүргіншілерге арналған баспалдақтарды, ғимараттар сыртында жазылған жазулар мен бояулардан тазартты.
Сондай-ақ белсенділер вандализмнің шеті көрінген нысандарды әлеуметтік желіге де жүктеп, тұрып жатқан қала мен аудандарды таза ұстауға шақырады.
«Жастар Рухы» Жастар қанатының Павлодар облыстық төрағасы Кәкім Бәкіжан павлодарлықтарды қалада тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырады.
«Баршаңызға белгілі, еліміздегі тарихи-мәдени нысандарды сақтап қалу мақсатында республикалық акцияны бастаған болатынбыз. Бүгін Павлодар қаласында күнделікті көпшілік қауым өтетін жерасты жаяу жүргіншілер баспалдақтарында салынған вандализмнің ізін жою мақсатында атаулы акцияға шықтық. Байқап қарасақ, барлығы да адамның қолымен жасалған дүниелер. Арнайы еріткіштердің көмегімен жазулардың басым көпшілігі өшірілді. Барша жастар мен қаланың болашағы мен сыртқы келбетіне бейжай қарамайтын жандарды біздің қатарымызға қосылып, атсалысуға шақырамыз. «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, ең алдымен, қоғамдық тәртіпті өзімізден бастайық», - деді ол.
Айта кетейік, Қазақстанның тарихи-мәдени орындары мен ескерткіштерін вандализмнен қорғау мақсатындағы акция барысында Алматы облысының жастары «Таңбалы тас» петроглифтеріндегі артық жазу мен қоқысты тазалады. Ал Шығыс Қазақстан тұрғындары Ақбауыр» шатқалын, Абай облысының жастары Ш.Құдайбердіұлы, Ұлытау облысының белсенділері С.Сейфуллин, Ақтөбе жастары Бөгенбай батыр, Астана жастары Кенесары хан ескерткішін тазалады. Сонымен қатар Жамбыл жастары «Тектұрмас» кесенесін, Маңғыстау белсенділері «Ыбықты сай» шатқалын, «Сұлтан Үпі», «Шақпақ ата», «Қараман сай» жерасты мешітін, Түркістан тұрғындары Қожа Ахмет Яссауи кесенесі маңын, Алматы жастары «Медеу» саябағын, Қызылорда белсенділері «Қалжан ахун» кесенесін, Шымкент жастары «Қошқар ата» өзені маңын, жетісулықтар «Жаркент» мешітінің жанын, Солтүстік Қазақстан жастары «Qyzyljar» өнер орталығы маңын қоқыс пен жазудан тазартты. Акция республиканың барлық аймағында жалғасып жатыр.