Жастар саясатын қамтыған заң жобасын жүзеге асыруға 2 млрд. 140 млн. теңге қажет

АСТАНА. 12 наурыз. ҚазАқпарат -  Мемлекеттік жастар саясатын қамтыған заң жобасын жүзеге асыруға 2 млрд. 140 млн. теңге қажет.

Бұл туралы бүгін ҚР Парламенті Мәжілісінде «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік жастар саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасының   таныстырылымы барысында Білім және ғылым министрінің орынбасары Махметғали Сарыбеков мәлім етті.

Министр орынбасарының айтуынша, қазірдің өзінде заң жобасының кейбір нормалары үшін қаржы қамтамасыз етілген. «Атап айтқанда, жастардың жұмысқа орналасуына жәрдемдесуге бағытталған жастар тәжірибесі жобасы 3 млрд. 200 млн. теңгені құрайды. «Дипломмен ауылға» жобасы бойынша 2433 маманға 5 млрд. 905 млн. теңге баспана алуға несие ретінде беріледі, сондай-ақ 5474 маманға көтерме ақы жоспарланады. Бұны қаржыландыру 1 млрд. 41 млн. теңгені құрайды», - дейді М. Сарыбеков.

Оның айтуынша, жоғарыда көрсетілгеннен бөлек  білім алуға арналған гранттардың қаржыландыру көлемі келесі жылға 50 млрд. 999 млн. теңгені құрайтын болады. Ал грант иелеріне стипендия тағайындау 24 млрд. 335 млн. теңге шамасында белгіленіп отыр. Ал жастар саясаты және патриотттық тәрбие бойынша іс-шараларды өткізуді қаржыландыру 1 млрд. 59 млн. теңгені құрайды. 

Ал талқыланып отырған заң жобасын жүзеге асыру үшін  2012-2014 жылдар аралығында 2 млрд. 140 млн. теңгеден астам қаражат қажет етілетін болады.