Жастар жылқыдан алыстап барады – Атбегілер дабыл қақты
АСТАНА. KAZINFORM – 11 шілде Дүниежүзілік жылқы күні болып бекітілді. Статистикаға сүйенсек, әлемде 57 миллионнан астам жылқы бар. Оның 5 миллионы Қазақстанда екен.
Алайда мамандар бұл көрсеткіш бұрынғы уақытпен салыстырғанда төмен екенін айтады. Сол үшін елімізде дәл осы салаға басымдық берілуі керек дейді. Тіпті алдағы уақытта Қазақстанда «Тұлпар күні» ресми түрде аталып өтілуі мүмкін.
– Қазақ халқының төл тарихы жылқы түлігімен тікелей байланысты. Президентіміз біздің тұтас тарихымыз тұлпардың тұяғымен жазылған деді ғой. Біз Алтайдан Атырауға дейінгі ұланғайыр атырапты жылқының жалында жүріп қорғаған халықпыз. Сондықтан қазір біз тұлпардың символикалық маңыздылығын нақтылап, шегендеп белгілеуіміз керек. Ол үшін мен өткен аптада ғана депутаттық сауал жолдадым. Ол сауалдың ішінде бірнеше маңызды мәселелер көтеріп, құзырлы министрліктерге ұсыныстар жасадым. Сол ұсыныстардың бірі – алдағы уақытта Қазақстанда нақты бір күнді «Тұлпар күні» деп белгілеу. Ол ұсынысты әріптестеріміз бен қоғам құптап, жылы қабылдап жатыр. Өйткені әр қазақтың жүрегінде, тамырында жылқыға деген сүйіспеншілік бар ғой. Әр өсіп келе жатқан баланы жылқыға баулу – ол отаншылдықтың, өз елін, жерін сүюдің әліппесі іспеттес, – дейді Jibek Joly арнасының «Бүгін LIVE» бағдарламасына сұхбат берген Аманжол Әлтаев.
Депутат бұл күнді кешенді түрде атап өту керегін айтады. Солай жас ұрпақтың санасына қазақ пен жылқының егіз ұғым екенін сіңіру керек дейді.
– «Тұлпар күнін» белгілеген кезде оған кешенді түрде қарау керек. Бізде Астана, Алматы мен Шымкентті қосқанда жалпы 20 өңір бар. Менің жеке пікірім – ең алғаш Ботай қорымы табылған солтүстіктен бастап, жыл сайын әр өңірде «Тұлпар күнін» эстафета ретінде атап өту керек. Ол тек қана бәйге шабу, көкпар тарту сынды ұлттық ат спорттары ғана емес. Сол күні жылқы түлігі жан-жақты ақпараттық насихатталу керек. Қазіргі ұрпақтың тұлпарға байланысты таным-түсінігі кең емес. Сол туралы әртүрлі мамандардың қатысуымен түрлі ақпараттандыру жұмыстары атқарылу керек. Оған қоса, қазақ халқының лексиконындағы біраз сөз төрт түлікке байланысты. Оның ішінде, әсіресе, жылқыға байланысты. Тіпті балаларының да атын Қамбар, Жылқыбай деп қойған. Сондықтан біздің тілдік қорымыздың сақталуы үшін де жылқыны танып, білу өте маңызды. Қазақта жылқыға арналған қаншама шығармалар бар. Сол күні жылқыға қатысты поэзия кештері, қымыз фестивалі, түрлі шаралар өтіп жататын болса, шын мәнінде қазақ пен жылқы егіз екендігін бүгінгі ұрпақтың санасына сіңіре аламыз, – дейді студия қонағы.
Бұл бастаманы атбегілер де қолдап отыр.
– Өзім жас кезімде атқа қызығып, бәйге шауып, шабандоз болдым. Ер азаматтың аттың үстінде жүргені дұрыс қой. Атбегілер бұл бастаманы қолдап отыр. Қай күнді «Тұлпар күні» деп белгілесе, сол күнге бәйге берсек деген жоспар бар. Әрине, әр атбегінің арманы – ол бәйге шабу ғой, – дейді Нұралы Төлегенов.
Аманжол Әлтаев жылқы саласына қатысты бірқатар мәселелерге тоқталды.
– Бұл жылқы саласында бізде реттелмеген біраз мәселелер бар. Бұған дейін де Президент тапсырмасымен қаншама жақсы қадамдар жасалып жатыр. Мысалы, біздің Парламент қабырғасында спорт бағытындағы мініс және мініс-жегін бағытындағы отандық жылқы тұқымын дамытуға байланысты заң жобасын қабылдадық. Бұл заңға Президент қол қойып, қазір жұмыс істеп жатыр. Екіншіден, ауыл шаруашылығы форумында Президент тікелей тапсырма беріп, Ақтөбеде жылқы шаруашылығын зерттеуге бағытталған ғылыми-зерттеу институты ашылды. Енді оның қаржылық мәселесін реттеу керек. Тағы бір мәселе – инфрақұрылымға мән берілу керек. Өзге өңірлерде инфрақұрылым мәз емес. Мысалы, Қарағанды, Ұлытау сынды кей аймақтарда тіпті ат шабатын алаң да жоқ. Ипподром бар өңірлердің өзінде – ол тозып бара жатыр. Егер біз кәсіби тұрғыда үлкен жарыстар өткізгіміз келсе, инфрақұрылымға аса мән беруіміз керек, – дейді депутат.
Халық қалаулысы елімізде жылқы етін тереңдетіп өңдеу мәселесі қолға алынбағанын жеткізді. Нәтижесінде ел тұрғындары шетелден келетін сапасыз тағамдарды тұтынуға мәжбүр.
– Біз жылына 160 мың тоннадай жылқы етін өндіреміз. Бірақ, өкінішке қарай, соны тереңдетіп өңдеу мәселесі қолға алынбаған. Соның кесірінен біз сапасыз, арзан шетелден келетін етті импорттауға мәжбүр боламыз. Өзіміз аграрлық мемлекет бола тұра, даламыз төрт түлік малды кәсіп қылған ел ретінде, әсіресе, жылқы етімен өз халқымызды толық қамтамасыз етуге мүмкіндігіміз бар. Сондықтан әр өңірде кәсіпорындар ашып, жылқы шаруашылығы жақсы дамыған өңірлерде жылқы етін тереңдетіп өңдейтін кәсіпорындар ашу керек, - деді ол.
Елімізде өндірілетін бие сүтіне сұраныс жоғары. Әсіресе, Қытай биенің құрғақ сүтін көптеп сұратады. Алайда елімізде мұндай өнім өндіретін 1 ғана зауыт бар.
– Биенің сүтінің өзінің – шипалық маңызы өте зор. Оған қоса, Қытай секілді көршілес алып мемлекеттерде сыртқы нарықта өңделген жылқы сүтіне деген сұраныс өте жоғары. Сондықтан да жылқы сүтін құрғақ сүтке айналдырып, оны сыртқа экспорттайтын болсақ, бұл біздің мемлекеттік қоржынға көп пайда түсірер еді. Қазір елімізде ондай жалғыз ғана кәсіпорын бар. Қытайдың сұранысын қанағаттандыру үшін бізде бірнеше зауыттар болу керек. Еуропаның бірнеше мемлекеттері парфюмериялық өнімдерге бие сүтін пайдалана бастады. Ол үшін де сұраныс өте көп, – дейді Аманжол Әлтаев.
Студия қонағы жылқыны баптау саласында кадр тапшылығы жоғары екенін де тілге тиек етті.
– Медициналық тұрғыдан алып қарағанда, ипотерапияға көп мән беруіміз керек. Бүгінгі таңда әлемнің медицинасы дамыған бірнеше мемлекеттерінде осы сала үлкен маңызға ие. Тым құрыса ірі қалаларда ипотерапияның орталықтары болар болса, аутизммен, церебралды сал ауруымен ауыратын балаларды емдеуге жақсы нәтиже көрсетуге мүмкіндік туар еді. Үшіншіден, бізде жылқы шаруашылығында кадр тапшылығы бар. Тағашы, шабандоз, ат бапкері, иполог, мал дәрігері секілді жылқыға байланысты мамандар дайындалмайды. Оқу-ағарту министрлігі осы мәселеге аса мән беру керек. Колледждер мен жоғары оқу орындарында жылқы шаруашылығына байланысты арнайы мамандар дайындалу керек, – дейді ол.
Бұл мәселені Нұралы Төлегенов те растап отыр.
– Бізде жылқы саласына қатысты мамандар өте аз деп айтуға болады. Жастардың атқа деген қызығушылығы бар, бірақ аса құнықпайды. Қазір ауылдағы көп балалар аттан түсіп қалды. Көбі телефонда отырады. Содан кейін қойкезекке мотоциклмен шығады. Жылқыға қатысты түрлі жарыстар ұйымдастырылып жатыр. Соған ат іздеп барсақ, ауылдарда лайық ат жоқ. Жылқы ұстайтындар көп, бірақ бәрі техникамен бағады. Ауылдағы мал атпен бағылса – құба-құп, – дейді атбегі.
Ал депутат мотоциклмен бағылған мал бәйгеге жарамайтынын айтады.
– Атпен баққан жылқы мен мотоциклмен баққан жылқының арасы аспан мен жердей. Мотоциклмен бағылған жылқы киік секілді – жанына тақалсаң үркиді. Ал жылқыны атпен бақсаң, үйірдің ішін аралап жүре бересің. Нұралы дұрыс айтып отыр. Мүмкін, мотоцикл керек шығар. Бірақ ауыл баласын атқа қайта мінгізу керек. Қазір шабандоз балалар қат. Сол үшін балаларды кішкентай кезінен шабандоздыққа дайындайтын орталықтар болу керек. Бүгінгі таңда қаншама бәйгелер болады. Ең әттеген-ай дегізетін мәселелердің бірі – шабандоз таба алмаймыз, – дейді Аманжол Әлтаев.
Айта кетейік, биылғы «Ұлы Дала жорығы» халықаралық марафон-бәйгесінде Қостанай тұқымды тұлпарларды тізгіндеген команда жеңіске жеткен еді.