Оның айтуынша, жуырда Астанада Елбасының қатысуымен өткен Жастар жылының ашылу салтанатында жеткіншек ұрпақты спорт пен туризмге кеңінен тартып, республикалық чемпионаттар өткізу мәселелері сөз болды.
«Мен информатика мамандығын меңгеріп, «Дипломмен ауылға» бағдарламасы бойынша ауылға келіп, ұстаздық қызмет атқарып келемін. Шәкірттерімді білім мен өнердің түр-түріне баулимын. Өзім де спорттың бокс (1 разряд), күрес, баскетбол, тоғызқұмалақ, үстел теннисі түрлерімен айналысамын. Қазіргі кезде аудандық мектептен тыс жұмыстар орталығының басшысы ретінде балалардың шығармашылық еңбекпен шұғылдануына, осы бастан салауатты өмір сүруге дағдыланып, бос уақыттарын мағыналы өткізуіне баса назар аударамын. Әрине, спорт та ұмыт қалмақ емес. Осы орайда балалар жастайынан атқа мініп, жылқыға жақын өссе, өздері үшін пайдалы деп ойлаймын. Басқасын айтпағанда, атпен серуендеудің өзі ем. Сонымен қатар ауылдарда ат спорты түрлерін дамытуды қолға алса, дүбірлі додаларда топ жаратын таланттар шығар еді», - дейді жас маман.
Атқа міну мәдениетінің ертеден басталғаны жөнінде Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты бағдарламалық мақаласында айтылғаны мәлім.
«Жылқы малы қазақ халқының өмірімен бір жасасып келе жатқан жануар десек, қателеспейміз. Атқа міну, оны баптау туралы мақалада жақсы тұжырым жасалған. Ақын Қадыр Мырза Әлидің: «Атқа деген құмарлығы халқымның, машинаға көшсе керек бүгінде» деген өлең жолдарында айтылғандай, бүгінде атқа құмарлықты, баптауды әлсіретіп алғанымыз анық. Мұхтар Әуезов: «Бәйге аттың мүсінін сынап, сипаттауда Абай үлкен білімділік, байқағыштық танытады. Ол әрі шебер ақын болудың үстіне аса білгір, саятшы, атсейіс сыншы», - дегеніндей, Абай - жүйрік аттың түр сипатын жазып кеткен бірден-бір ғұлама. Абайдың «Аттың сыны» өлеңінде жүйрік аттың қалай болатыны сипатталған. «Атың жақсы болса, тірі дүниенің шуағы, балаң жақсы болса, екі көзіңнің шырағы», дегендей, әр қазақ атқа мінуді, қолдануды, қыр-сырын білуі тиіс деп білемін.
«Жанына еліміздің жылқы жаққан,
Жылқыға жетпеген көз жаутаң қаққан.
Міңсең - ат, ішсең - қымыз, жесең - қазы,
Қашаннан қазақ халқы жылқы баққан», - деп, Ілияс Жансүгіров жырлағандай, ұлы дала жылқысының даңқы жарқырайтын кезең туды деп есептеймін. Атқа мінген қазақтың рухы мықты болады.
Ендеше, ұлттық рухымызға сай болып, Жастар жылында ғана емес, одан кейін де аянбай еңбек етіп, алдыңғы шептен табылып, еліміздің дамуына жастық жалынмен үлес қосу - біздің де басты міндетіміз деп білемін», - деп түйіндеді сөзін Н.Мизамбаев.