«Кез келген өркениеттің биігіне ұмтылған мемлекеттің ең басты тірегі ол жастар. Жас маман ретінде мен де еліміздегі жастарға жаңа мүмкіндіктер ашылып отырғанына қуаныштымын», - дейді Жазира Тоқтар.
Оның айтуынша, жастар қоғамда өз орнын тауып, тұлға болып қалыптасуы үшін кез келген қоғамдық мәселеге бей-жай қарамай, оның шешілуіне үлес қосуы тиіс.
«Менің бүгінгі таңдауым - мемлекеттік қызмет. Халқымыздың «Билігі мықты елдің - тірлігі құтты болады» деген аталы сөзі бар. Сондықтан, қашан да жүгі ауыр билік міндетінің ауқымды және мақсатының биік болары барлық мемлекеттік қызметшілердің әрқашан жадында болуы керек. Мемлекеттік қызметшінің басты міндеті - халқына адал қызмет ету. Мемлекеттік қызметші жоғары әдеп нормаларын қатаң сақтауы қажет. Өзіме келсем, мемлекеттік қызметке 2017 жылдың соңында буыны қатпаған, тәжірибесі жоқ маман ретінде келдім. Тәжірибемнің жоқтығына қарамастан, ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Ақмола облысы бойынша департаментіне баспасөз хатшысы лауазымына қабылдандым. Бұқаралық ақпарат құралдарымен тығыз байланыс жасау жас маман үшін оңай шаруа емес. Сол себепті, менің кәсіби бейімделуім үшін тәжірибелік көмек көрсететін тәлімгер тағайындалды. Жас мемлекеттік қызметшілерді оқыту бағдарламасына сәйкес ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының облыстық филиалында білімімді жетілдірдім. Осылайша, мемлекеттік қызметтің ыстығына күйіп, суығына тонуды үйрендім», - дейді Жазира Тоқтар.
Қазіргі таңда жас маман ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің өңірлердегі департаменттері баспасөз хатшыларының арасында ең үздіктерінің қатарында.
«Жалпы, агенттіктің жастарға берері мол. Былтыр департамент облыстық жастар саясаты мәселелері басқармасымен бірлесіп мемлекеттік қызмет мектебінің есігін ашты. Ондағы мақсат талантты, сауатты, білімді, жауапты, ұйымдастырушылық және көшбасшылық қабілеті бар жастарды мемлекеттік қызметке тарту. Департаменттің бастамасымен облыстың бірқатар өңірлерінде бос жұмыс орындарының жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру бағытында өткізілетін шараларға жастар кеңінен тартылады. Мемлекеттік қызметші - бір саланы қамтитын мамандық қана емес, ол Елбасымыздың саясатын жергілікті жерде жүргізуші, халық пен билік арасында тығыз байланыс орнатушы, елдің мұң-мұқтажын жеткізуші. Бір сөзбен айтқанда, олар - мемлекеттің бет-бейнесі және абыройлы қызметшісі. Сондықтан, биылғы Жастар жылы жастарға үлкен мүмкіндіктер ашады деп есептеймін», деп түйіндеді Жазира Тоқтар.