«Жастар жылы» аясында 5 наурызда ҚР Сыртқы істер министрлігі ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының Дипломатия институтымен бірлесе отырып, министрлігіміздің жас дипломаттарымен және академияның Дипломатия институтының тыңдаушыларымен кездесу өткіземіз. Сондай-ақ сыртқы саяси ведомствомыз жариялаған «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» кітабының ресми тұсаукесері өтеді», - деді ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Астанада өткен апталық брифингте.
Іс-шараға Сыртқы істер министрінің орынбасары Роман Василенко, академия ректоры Фатима Жақыпова, Дипломатия институтының директоры Мариан Әбішева, дипломатиялық қызмет ардагерлері, академия тыңдаушылары, сондай-ақ «Қазақстан дипломатиясының жаңа есімдері» жобасына енген жас дипломаттар қатысатыны күтілуде.
«Кітапта жас дипломаттар берген сұхбаттар жинақталған. Олар дипломат мамандығын неге таңдағаны туралы өз әңгімелерімен, дипломатиялық қызмет өмірінен алынған естеліктерімен және қызықты сәттермен, сондай-ақ болашақтағы еліміздің сыртқы саясатына қатысты болжамдарымен, көзқарастарымен бөліседі», - деді ресми өкіл.