«Президентіміздің биылғы жылды Жастар жылы деп бекітуі - жастарға зор серпін береді деп ойлаймын. Әсіресе, спорттағы, өнер мен ғылымдағы жастарға бұл жыл жаңа мүмкіндіктерге толы болар деген сенімдемін. Жалпы, қазіргі уақытта Қазақ күресінде де жастардың білекті шоғыры қалыптасып қалғанын білесіздер. Президентіміздің қолдауымен өзге спорт түрлерімен бірге, Қазақ күресінің де ауқымы кеңейе түсер деген ойдамын», - дейді Айбат Сейтен.
Балуанның айтуына қарағанда, бапкерлердің балуандарды дайындаудағы деңгейіне байланысты әр облыста Қазақ күресі дамып келеді.
«Егер бапкерлер балуандарды дұрыс дайындаса, қазіргі уақытта еліміздегі кез келген ірі турнирлерге жол ашық. Талпынысы болса талантты ешкім тоқтата алмайды. Облыстардан мықты балуандар шығып жатыр. Оның бәрі ең алдымен білікті бапкерлердің арқасы», - дейді ол.
Айбат Сейтен сонымен бірге Қазақ күресінің соңғы жылдардағы қарқын алуына қатысты ойын айтып өтті.
«Соңғы 10 жыл бұрынғы деңгейі мен қазіргі уақыттағы деңгейді салыстыратын болсаңыз, қазір Қазақ күресінің жоғары сатыға көтерілгенін аңғаруға болады. Осы қарқынды сақтай білсек, Қазақ күресінің деңгейі тіптен биіктей түсері айқын. Оның бір себебі - Арман Шораев ағамыздың «Қазақстан барысы» сынды жобаны жасап, халыққа Қазақ күресін танытуы, одан да бөлек ағаларымыздың ұлттық спорттың дамуына үлес қосуы деп айтар едім. Қазір «Қазақстан барысы» десе халықтың бәрі де біледі. Балуандарды да әртүрлі жерде танып жатады», - дейді Айбат Сейтен.
Еске сала кетсек, Президенттің қатысуымен Қазақстанда Жастар жылы ресми түрде басталған болатын. Мемлекет басшысы Астанада ұйымдастырылған «Тәуелсіздік ұрпақтары» атты салтанатты шарада жас мамандар мен отбасыларды қолдауға қатысты бірқатар тапсырмаларды жүктеген еді.