Жастар жылы: Студенттердің әлеуметтік жағдайы жақсарады

АСТАНА. ҚазАқпарат - Жастар жылы аясында Президенттің бастамалары студенттердің әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға мүмкіндік береді. Бұл туралы ҚР Президентінің жанындағы ҚСЗИ бөлімінің аға ғылыми қызметкері Жанар Санхаева айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Мемлекет басшысы Жастар жылының ресми ашылуында Қазақстан жастарының өмірінің әртүрлі аспектілеріне қатысты бірқатар тапсырмалар берді. Осы орайда енді жоғары білімге қолжетімділікті кеңейту мәселелеріне ерекше назар аударылады. Бұл мәселенің өзектілігі статистикалық деректермен де көрсетіледі. Қазақстан 2016 жылы 10 мың адамға шаққанда жоғары білім беру жүйесінде оқитын студенттер саны бойынша ТМД елдерінің арасында 6-шы орынды иеленді. Осылайша, Қазақстанда сол уақытта 10 мың адамға 266 студентті қамтыды, ал рейтингтің көшбасшысы ретінде Беларусь 330 студент көрсеткішімен шықты», - деді Ж. Санхаева.

Сарапшының атап өтуінше, жастармен кездесу кезінде Президент жоғары білімнің қолжетімділігін жақсарту бойынша Қазақстан өз мақсаттарын жүзеге асыруды жалғастырып келе жатқанын тағы да байқатты. Бұған дейін ақысыз білім алу үшін 20 мың грант бөлу бастамасы жарияланғаны белгілі. Енді осы бағыттағы тың тапсырмалар білім беру деңгейін көтерудің басқа жолдарын іздестіруді және студенттердің әлеуметтік әл-ауқатын жақсартуға негіз болмақ.

«Білімге қол жетімділікті кеңейту еңбек нарығын білікті мамандармен қамтамасыз ету тұрғысынан, сондай-ақ жастар үшін «әлеуметтік лифт» ретінде маңызды екенін атап өту керек. Осылайша, жоғары білім беру жүйесі аясында кәсіби дағдыларды иемденумен қатар, өзге де бірқатар жеңілдіктерге қол жеткіземіз. Мемлекет басшысы әлеуметтік белсенді жас азаматтарды ынталандырудың маңыздылығын атап өтті, оның ішінде волонтерлікпен айналысуды қалайтындарды материалдық түрде қолдауға қатысты тапсырма берілді. Мұндай тәжірибе студентке өз ұстанымын жетілдіріп, басқа адамдарға көмектесуге дайын әлеуметтік жауапты азаматты тәрбиелеуге мүмкіндік береді», - деді Жанар Санхаева.

Бұдан бұрын хабарланғандай, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Үкіметке волонтерлікпен айналысатын ЖОО студенттерінің шәкіртақысын 30 пайызға арттыруды тапсырды.

Сонымен қатар, Президент «Жас маман» бағдарламасын әзірлеуді жүктеді.

Мұнымен қоса, «Дипломмен ауылға» бағдарламасын дамытуға қатысты тапсырмалар берілді.



Фото: www.kisi.kz