Жастарды жат ағымнан қалай қорғаймыз - Бас мүфтидің жауабы

Фото: Фото: Kazinform

ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Өзбекстанда «Ислам - бейбітшілік пен ізгілік діні» атты дінбасылардың халықаралық форумы өтіп жатыр, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі Әлихан Асқар. 

Аталған іс-шараға 20-дан аса елден келген бас мүфтилер, ғалымдар мен ұстаздар қатысуда. Олар ислам дінінің тыныштық пен ізгілікке үндейтін қағидасын насихаттауға қатысты ой-пікірін ортаға салып, ұсыныстар әзірлеуге ниетті.

Фото: Kazinform

Форумға Қазақстан тарапынан қатысып жатқан Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы ислам діні жергілікті халықтың салт-дәстүрімен біте қайнасып, сол арқылы адамзатты ауызбіршілікке шақыруы тиіс екенін атап өтті.

«Әр қатысушы өз баяндамасында исламның бейбітсүйгіш дін екенін, оның бірлікке шақыратынын айтты. Таяуда біз Астана қаласында халықаралық форум ұйымдастырдық. Оның барысында біз маңызды құжаттарды қабылдадық. Соның бірі – «Ислам жергілікті халықтың дәстүрін қолдайды» деген құжат. Бұл - ислам діні әр ел тұрғындарының ғұрпын сақтауды құптайтынын айғақтайды», - деді Наурызбай қажы Тағанұлы Kazinform тілшісінің сауалына жауап бере отырып.

Фото: Kazinform

Осы орайда Бас мүфти жастарды жат діни ағымдардан қорғауда негізге алынуы қажет қағидаға тоқталды. Бұл бағыттағы қатерлердің алдын алу үшін өскелең ұрпақ ата-баба салған сара жолдан адаспауы тиіс.

«Ислам діні халқымыздың салт-дәстүрімен бірігіп кетті деп айтуға болады. Сондықтан қазір жастарды жат ағымдардың ықпалынан сақтау үшін ата-бабамыздың жолын берік ұстану керек. Осылайша, біз қатердің алдын аламыз. Қазір ақпараттық технологиялар дамыған заман. Осыған байланысты зерттелген, анықталған шынайы ақпаратқа еруіміз керек. Біздің ата-бабамыз әлем мойындаған ғалымдар болған. Тиісінше, солардың сара жолын ұстанып, салт-дәстүрден ажырамау маңызды», - деп пікір білдірді Бас мүфти.

ҚМДБ төрағасының айтуынша, форум қорындысы бойынша жан-жақты бағалауға негізделген талдау жасалып, нақты ұсыныстар әзірлеу жоспарланып отыр.

«Іс-шараға қатысып жатқан дінбасылардың баяндамасы мен ұсынысы негізінде қорытынды жасалады. Оның ішінде ислам дінінің бейбітшілік пен тыныштықты насихаттайтын сипатына сай, тиісті құжаттар қабылдау жоспарланған», - деп түйіндеді Наурызбай қажы Тағанұлы.

Қоса кетсек, таяуда Сенат төрағася Мәулен Әшімбаев жас діни көшбасшыларды жалған ақпаратпен белсенді күресуге шақырды.

Сондай-ақ, елордада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары съезінің Ізгі ниет елшілері институты құрылды.