Жастардың Дубайды емес Алатау қаласын таңдағанын қалаймыз — Жаслан Мәдиев

Фото: Фото: Солтан Жексенбеков/Kazinform

АСТАНА. KAZINFORM — Астана халықаралық форумында Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев Алатау қаласын дамыту қай бағытта жүретінін айтты.

— Қаланы мемлекеттік бюджетке бой көтерген Астана немесе Түркістан сияқты салуға болады. Немесе басқа нұсқа, Алатау қаласын инвесторлар үшін платформаға айналдыру қажет. Бірақ, ол үшін бізге бәсекеге қабілетті орта қажет болады. Бізде жеке сектор да, инвесторлар да жұмыс істей алатын орта болуы тиіс. Сонымен қатар Алатау қаласында салынуы тиіс бүкіл ландшафтты да ойластырғанымыз жөн, — деді ол.

Министрдің айтуынша, бүкіл қалаға арналған арнаулы экономикалық аймақ болуы тиіс. Ағылшын тілі аталған қаланың негізгі бизнес тіліне айналуы қажет. Мұнан бөлек, тіпті тендердің де валютасына айналатын криптовалютаны одан ары ілгерілету керек.

— Бұған қоса, шетелдіктерге жылжымайтын мүлікті сатып алуға мүмкіндік берген жөн. Сол арқылы қаланы институционалды тұрғыда күшейте аламыз. Осы өзгерістердің бәрі болғанда, жылжу орын алғанда аталған қаланың дамуына серпін береміз. Бұл ретте оны туризмнің де, білімнің де торабына айналдырамыз. Үлкен күрделі қаржысы бар қалаға айналдыруға тырысу керек. Сонымен қатар бүкіл сауда Алатау қаласының арқасында жүреді деп үміттенеміз. Тіпті, Дубай сынды қалада немесе Түркияда тұрғысы келетін жастардың Дубайды емес Алатауды таңдағанын қалаймыз, — деді Жаслан Мәдиев.

Айта кетейік, елордада Астана халықаралық форумы өтіп жатыр. Форумға 7 000-нан астам қатысушы тіркелген. Еуропа, Орталық Азия, Таяу Шығыс пен Африка елінен БҰҰ, ААҰ, ХКҰ және ДЗМҰ сияқты жетекші халықаралық ұйымдардың атынан 160-тан астам спикер шақырылған. 

Іс-шараны ашқан Қасым-Жомарт Тоқаев еліміз СryptoCity деп аталатын жаңа пилоттық жобаны жүзеге асыруды жоспарлап отырғанын, Қазақстан БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің құрамын кеңейтуді қолдайтынын айтты.