Жастардың тәртібі мен жауапкершілігін арттыратын жаңа бағдарлама әзірлене ме — Бектенов жауабы
АСТАНА. KAZINFORM — Премьер-министр Олжас Бектенов Сенат депутаттарының жастар арасында тәртіп пен жауапкершілікті арттыратын жаңа бағдарлама әзірлеу ұсынысына жауап берді.
— Жастар арасында тәртіп пен жауапкершілікті нығайту, сондай-ақ білім беру ортасында отбасылық тәрбие мен адамгершілік-этикалық құндылықтарды ілгерілету мақсатында 2023 жылдан бастап «Біртұтас тәрбие» бағдарламасы іске асырылып жатыр. Бағдарлама 6 негізгі құндылыққа негізделген: тәуелсіздік пен патриотизм, бірлік пен келісім, әділдік пен жауапкершілік, заң мен тәртіп, еңбекқорлық пен кәсібилік, жасампаздық пен инновация. Бағдарламаны Оқу-ағарту министрлігі 10 мемлекеттік органмен бірлесіп іске асырады, — деді Олжас Бектенов.
Оның атап өтуінше, оқу жылының басынан бері бағдарлама аясында 1 млн-ға жуық сынып сағаты және 46,8 мыңнан астам сыныптан тыс іс-шара өткізілді.
— Білім алушыларды қамту 100 пайызды құрады. Бағдарламаның мақсаты — терең білімді, еңбек этикасын ұстанатын, адал, ұлттық және әмбебап құндылықтарды құрметтейтін, әділ қоғамның дамуына үлес қосуға дайын тұлғаны тәрбиелеу. Президенттің тапсырмасы бойынша 2025 жылғы 14 наурызда өткен Ұлттық құрылтайдың IV отырысында бағдарлама атауы «Адал азамат» деп өзгертілді, — деді ол.
Олжас Бектенов Президенттің тапсырмаларын орындау үшін 2025 жылғы 14 наурыздан бастап Оқу-ағарту министрлігі балалардың құқықтарын кешенді қорғауға бағытталған «Қазақстан балалары» бірыңғай бағдарламасын әзірлеуге кіріскенін атап өтеді. Бағдарламада мынадай 7 басым бағыт анықталған:
- Отбасы — баланың әл-ауқатының негізі;
- Білім алу құқығы;
- Медициналық көмек алу құқығы;
- Балалары бар отбасыларды әлеуметтік қолдау;
- Буллингтен, зорлық-зомбылықтан және басқа тәуекелдерден қорғау;
- Инфрақұрылымдық қауіпсіздік;
- Бос уақыт, спорт және қосымша білім алу құқығы.
— Жоғарыда аталған бастамалардың іске асырылуын ескере отырып, қазіргі уақытта жекелеген жаңа тәрбие бағдарламасын әзірлеудің қажеттілігі байқалмайды, — деді премьер-министр.
Естеріңізге сала кетсек, сенатор Геннадий Шиповских жастар арасында тәртіп пен жауапкершілікті күшейтетін, яғни отбасылық тәрбие мен мектептегі моральдық-этикалық құндылықтарға негізделген жаңа бағдарламалар әзірлеу қажеттігін көтеріп, Үкімет басшысының атына депутаттық сауал жолдаған еді.