Жастардың «Айбын-2023» халықаралық әскери-патриоттық жиыны өтеді

Фото:
ҚАРАҒАНДЫ. ҚазАқпарат - 17-23 шілде аралығында Қарағанды облысының «Спасск» оқу орталығында жыл сайынғы «Айбын» жастар жиыны өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Қорғаныс министрлігінің баспасөз қызметінен мәлім еткендей, жиынға қатысу үшін Қарағанды облысына өңірлердегі әскери-патриоттық клубтар келе бастады.

«Шахтерлер астанасының» теміржол вокзалына алғашқы болып, Солтүстік Қазақстан, Жамбыл облыстары мен Шымкент қаласы әскери-патриоттық клубтарының өкілдері, сондай-ақ Алматы, Шымкент қалаларының «Жас ұлан» республикалық мектептерінің тәрбиеленушілері келіп жетті. Ұйымдастырушылар жиынға қатысушыларды әскери оркестр үнімен қарсы алды.


«Спасск» оқу орталығының аумағында шатырлы лагерь құрылды. Онда 43 командаға топтасқан 700-ден астам жасөспірім мен оқушылар орналасатын болады. Байқауға қатысатын жас санаты – 14-17 жас.

Іс-шараға Қазақстанның барлық өңірлерінен жастар жиналады. Оған Қарулы күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың әскери-патриоттық клубтарының, Сағадат Нұрмағамбетов атындағы әскери колледждің, «Жас ұлан» республикалық мектептерінің, конкурстық іріктеуден өткен облыстық әскери мектеп-интернаттардың тәрбиеленушілері қатысады. Биылғы жиынға алғаш рет Әзербайжан мен Өзбекстанның командалары шақырылып отыр.


Жиын бағдарламасында «Айбын дарыны» зияткерлік ойыны және «Күшіміз – бірлікте» әскери-далалық тактикалық ойыны, «Айбын жұлдызы» шығармашылық байқауы және Smart Sarbaz робототехника сайысы бар. Әскери-спорттық, әскери-қолданбалы спорт түрлері және әскерилендірілген эстафета бойынша жарыстар өткізу үшін алаңдар дайындалды.

Жиында әскери техника көрмесі, фильмдер көрсетілімі, мұражайдың көшпелі экспозициясы ұйымдастырылады. Балаларды спорттық ойындар, алау жанындағы кештер мен интерактивті концерт күтеді. Байқауға қатысушылар «Айбын – достық мекені» саябағына ағаш отырғызады. Танымал адамдармен, ардагерлермен, медиа тұлғалармен кездесулер өтеді.

Бұдан бөлек, «Бірлік ордасы» көрмесі ұйымдастырылады. Онда Қазақстан, Әзербайжан және Өзбекстанның жас патриоттары өз халқының мәдени жетістіктерін, үздік дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын көрсететін болады.