«Биылғы Жолдау ел тірегі - жастар мәселесіне жете мән берілгендігімен аса маңызды деп санаймын. Қоғамның даму үдерісін ілгерілетудің жетекші күші жастар екендігі ақиқат. Осыған орай, биылғы жылдың жастар жылы болып жариялануы - өте дұрыс шешім. Бүгінгі биліктің жастарға сенім артқанын осыдан-ақ аңғаруға болады. Яғни, жастарға биыл жаңа мүмкіндіктер туып отыр. Сол үшін жастарға берілген мүмкіндіктерді жіберіп алмай, ел дамуына үлес қосуымыз керек», дейді Тұрсын Нұрхан.
Тұрсын Нұрханның айтуынша, ел тәуелсіздігін алғалы 28 жыл өтті. Осы жылдар аралығында дүниеге келген ұрпақтың ішінде шынымен мақтан тұтарлық белсенді жастардың болуы қуантады. Жастар жылы - жастарға жарқын болашақтың есігін ашып, жаңа мүмкіндіктер сыйлайды. Елбасы форумда жастардың дәрежесін көтеру мақсатында жұмыссыз жүрген жастардың санын азайтуды, жұмысшы жастарға арнап Астана, Алматы және Шымкент қаларында жылына 1000 пәтер салуды, ерікті студенттердің шәкіртақысын өсіруді және «Жасыл ел» қозғалысында «Жасыл қала - жасыл ауыл» бағдарламасын енгізу туралы сөз қозғады. Осының барлығы - жастарды еңбекке, патриоттық сезімді оятып, қайырымдылыққа тәрбиелейтін шаралар.
«Ата-бабамыз найзаның ұшымен, білектің күшімен сақтап қалған ұлан-байтақ жерімізді келешек ұрпақ, біз көздің қарашығындай қорғап, әрі қарай дамуына жағдай жасауға тиіспіз. Кешегі Абылай хан, Кенесары, Махамбеттің ұрпағымыз деп мақтанамыз. Осындай аталарымыздың атына кір келтірмеуді әрқашанда естен шығармауымыз керек. Жастар жылына орай, аянбай еңбектеніп, ел дамуына өз үлесімізді қосуға міндеттіміз. Егемендік алған жылдары мемлекет бізге қызмет етсе, қазіргі таңда біздер мемлекетке қызмет ететін уақыт келді. Өйткені, республикамыздың әл-ауқатын арттырып, дамыған 30 мемлекеттің қатарына енгізу - біздің, яғни жастардың қолында деп санаймын», - деп түйіндеді Тұрсын Нұрхан.