Жастардың заманауи әлеуметтік-саяси ұстанымдары қандай

АСТАНА. ҚазАқпарат - Астанадағы Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде «Жастар және дәуір келбеті» атты республикалық жастар форумы өтті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Форум барысында Астана қаласының 20 жылдығы мен Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты халыққа Жолдауы аясында  талқылаулар жүргізілді. Шараға  Алматы, Атырау, Ақтөбе, Павлодар, Орал, Оңтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола  облыстарынан делегаттар қатысты.
    

Жиынды Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Әлеуметтік-мәдени даму жөніндегі проректоры, ҚР ҰҒА академигі Дихан Қамзабекұлы кіріспе сөзбен ашып, форумның мақсаттары мен міндеттеріне тоқталды. Оның ішінде студент-жастардың отансүйгіштік сезімін дамыту, еліміздің егемендік тарихын кеңінен насихаттау; жастардың заманауи әлеуметтік-саяси ұстанымдарын қалыптастыру; студент-жастарға Қазақстан қоғамының болашағы үшін жауапкершіліктерін түсіндіру секілді маңызды мәселелер бар.
 

Бүгінгі басқосу пікір алмасудың ашық алаңына айналды десе де болғандай. ҚР Дін істері және азаматық қоғам вице-министрі Абзал Нүкенов «Рухани жаңғыру» және мемлекттік жастар саясаты» тақырыбындағы баяндамасында өзекті мәселелер қамтылды. Аудиториямен тікелей байланыс орнатқан вице-министр Тәуелсіздік тағылымы, бәсекеге қабілеттілік, демография, ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөлу жайы мен мемлекеттік бағдарламалардың мән-маңызы туралы кеңінен әңгімелеп берді.

Ал «Астана арландары» клубының бас менеджері, Олимпиада чемпионы  Бақтияр Артаев саламатты өмірдің ел алдындағы жауапкершілігіне тоқталса, Астана қаласы Жастар саясаты орталығының басшысы Бақытжан Жүнісбеков «Астана - жастар қаласы» екенін нақты дәлел-дәйектермен  айтып берді.
  

Сондай-ақ  «Қасиетті Қазақстан» ғылыми-зерттеу орталығы  директорының  орынбасары Батырхан Жұмабаев «Жастарға киелі орындар арқылы тәлім беру», «ҚазАқпарат» ХАА Бас директорының кеңесшісі Қанат Тоқабаев «БАҚ және жастар», «Қазақстан КВН Одағы» республикалық жастар қоғамдық бірлестігінің президенті Есен Елеукен «Жастар талғамы және шығармашылық ізденістер»  тақырыбында сындарлы сөз қозғады. Ал жиынға қатысушы жастар көкейдегі сауалдарын қойып, оған нақты жауап алумен қатар, өз ойларын да ортаға салып үлгерді.