Жастардың жүйкесі жүн, жігері құм. Кінәлі кім - Өңірлік баспасөзге шолу

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Осы аптада Қазақстанның өңірлік мерзімді баспасөзі қандай мәселелерді көтерді? Әдеттегідей «ҚазАқпарат» ХАА оқырмандар назарына еліміздің аймақтарында жарық көретін мерзімді баспасөзге шолу ұсынады.

*  *  * 

Мандолшы Роза - «Оңтүстік Қазақстан» газеті
 

Мандолинаны мәніне келтіре тартатындар қазір көп емес. Шәмші Қалдаяқовты «өз заманындағы мандолина шебері еді» деп айтатындар бар. Сол әйгілі Шәмшінің «Мандолды жақсы ойнайды екенсің» деген бағасын естіп, «Талантыңа гүл бітсін!» деген батасын алған Роза апай Шымкентте тұрады екен. «Оңтүстік Қазақстан» газетінде осы туралы мақала шығыпты. Шындығында оңтүстіктің біраз өрені сол жылдары мандолинаға Шәмшінің қолынан көріп барып қызыққан секілді. Ал мақала кейіпкері мандолинаның арқасында Шәмшімен бір емес бірнеше мәрте кездескен екен. Мақалада мандолшы Розаның өмірі мен өнері туралы сыр шертіледі.

«Баяғы Шәмші ағаңыз құлақ күйін келтіріп берген мандолина әлі өзіңізде ме? - деп сұрадым Роза ападан. Оны Арыс қаласындағы музейге өткізгенмін. Мынаны Санкт-Петербургтен арнайы алдырдым, - деп ол маған қолындағы мандолинасын көрсетті» деп жазады газет.

Қайраткерлердің қанатты сөздерін қаперден шығармайық - «АRAI» газеті
 

«Біздің ірі саясаткерлер, тіпті зиялы қауым өкілдері жат жұрт қайраткерлерінің қанатты сөздерінен цитата келтіріп сөйлеуге әуес. Әйтсе де олардың өз асылдарымыздың аталы сөздерін тілге тиек етіп, мысал етіп жатқанын кездестірмейміз. Әйтпесе Ә.Бөкейхан бастаған алаштықтардың аталы сөздері М.Ататүрік, А.Хомейни, Ф.Рузвельттен артық болмаса, еш кем емес» деп жазады «Арай» жастар газеті. Мақалада жалпы алаш көсемсөзшілерін дәріптеу мәселесі көтеріле отырып, қайраткерлердің бірсыпыра пікірлерінің әлі де қоғамда өзекті екені айтылады.

«Алашорда үкіметінің төрағасы Әлихан Бөкейханның «Ұлтына, жұртына қызмет ету - білімнен емес, мінезден» деген сөзінің өзі не тұрады? Шын мәнінде қанша жерден білімді болып тұрса да, жеме-жемге келгенде адамның мінезі басты роль ойнайтынын өмірдің өзі дәлелдеп берді. Өкінішке қарай, біздің саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдеріне Әлекең айтқан «мінез» жетіспей жататыны жасырын емес. Әйтпесе, олардың білімі кешегі өткен асылдардан артық болмаса, кем емес еді ғой. Айтпақшы, Ататүріктің «Мен диктатор емеспін. Менде күш бар екендігі айтылып жүр. Әрине, бұл дұрыс. Менің ойға алып, орындамаған нәрсем жоқ. Өйткені, мен зорлықпен және мейірімсіздікпен әрекет етуді білмеймін. Мен адамдарды ренжіту емес, олардың жүрегін жаулап алу арқылы билік жүргізуді қалаймын» деген аталы сөзі бар. Бұл арада Ататүріктің «күшімен» Әлекеңнің «мінезі» бір-бірімен қабысып отырғанын байқауға болады».

Мақалада алаш айтқан афоризмдер сараланып, ұлт көсемдерінің ұлты үшін айтып кеткен зерделі сөздерінің астары ақтарылады. Әлем қайраткерлерінің цитаталарына салыстыру жасалады.
 

«Сондай-ақ, Ақаңның «Ақ болсын, қызыл болсын, маған бәрібір. Мен Қазақ мүддесін көздейтін үкіметті ғана жақтаймын» деген тамаша сөзі бар. Міне дәл осыған ұқсас сөзді Иранның діни көсемі Аятолла Хомейни «Мен дінім үшін шайтанмен де жұмыс істеуге әзірмін» деп жазып қалдырған екен. Осы ретте Аятолла Хомейнидің «дінім үшін» дегенін «ұлтым үшін» деп түсінсек артық болмайтын сияқты».

Бұдан басқа да бірнеше мысалдар келтіріледі. Түйіндей айтқанда, автор «Алаш айтқан асыл сөзді қазақ саясаткерлер мен зиялы қауым өкілдері де арланбай айтып жүрсе» деген пікірін жеткізеді. Ал ол үшін сол саясаткерлер де алаш айтқан асыл сөзді білу керек.
 

«М.Ататүрік пен Ф.Рузвельттен мысал келтіргенде өзін зор сезініп, ал алаштың қанатты сөздерін айтқанда өзін қор сезінуді қою керек».

Қайыршының да өз қайғысы бар - «Жетісу» газеті
 

Қазақта «қайыршы» деген сөз болғанымен, бүгінгідей бомждар болмаған секілді. «Жетісу» газетінің жазуынша, БОМЖ ұғымы (орыс тілінде «Без определённого места жительства») алғаш 1970 жылдары пайда болып, кейіннен қайыршылыққа қарсы қолданылатын заң бекітіліп, уақытқа тіркеусіз қалған азаматтар да БОМЖ есебіне жатқызылып, жазаланған екен.

Мақалада бомж бен қайыршының айырмашылығына тоқталып, олардың анықтамасы жасалады. Қайыршылықтың себеп, салдары туралы да айтылады.

«Егер тағдыр тәлкегіне ұшырасаңыз өзіңіз не істейтін едіңіз? Құдай оның бетін аулақ қылсын, әрине. Қайыршылардың жағдайын, жан дүниесін тек осылай түсінуге болатын сияқты. Аяқ-қолы балғадай, екі беті алмадай қыз-жігіттер жұмыс таппай жүргенде денсаулығында кемістігі бар құжатсыз адамды басына пәле қылып кім жұмысқа ала қояды дейсіз? «Бас қайғы ма, байтал қайғы ма?». Қайыршылар дәрі-дәрмекке қаражаты жеткіліксіздігіне байланысты түрлі жұқпалы ауруларға, әсіресе туберкулезге көптеп шалдығып, өмірмен ерте қош айтысады».

Айта кетерлігі, газет тілшісі қайыршылармен тілдесіп, олардың тағдырына да көз жүгірткен. Біразының өмірін оқырманның талқысына шығарады.

«Өмірде өз орнын тапқан, материалдық жағдайы дұрыс адам қайыршылық жолға түсіп, тіршіліктің ең төменгі сатысына дейін төмендемейді. Әлемнің екінші ұстазы, ғұлама ғалым әл-Фараби бабамыз айтқандай «Қайыршысы жоқ ел бақытты». Қарттарын қаңғыртпай, жетім-жесірін жылатпаған мемлекет ертеңіне сенім арттырады. Сондықтан ұрпақ тәрбиесін қазірден қолға алып, ата-ананы қадірлеуді, меңгерген білімін ең алдымен өз қажетіне жұмсауды үйретсек, қайыршысыз қоғам құрып, көздеген мақсатқа қол жеткізеріміз анық» деп түйіндейді автор.

 Тойға шектеу қою қаншалықты қисынды? - «Сарыарқа самалы» газеті
 

«Қазақ халқын той-думансыз елестету мүмкін емес. Әлбетте, қуаныштың, бақыт пен шаттықтың көп болғаны жақсы. Бірақ, кейде ысырапшылдыққа салынып, жұртпен жарысып, аста-төкке жол беретіндер бар. Ел билігі мұндай жайттың алдын алмақ. Атап айтқанда, ҚР Қоғамдық даму министрлігі асып-тасыған той ұйымдастыруға тыйым салған жөн деген ұсынысты ортаға салып отыр» деп жазады «Сарыарқа самалы».

Мақала авторының жазуынша, таяуда Өзбекстанда той сағат 13.00 немесе 14.00-де басталып, шақырылған қонақ саны 150-ден аспауы тиіс деген ереже қабылданыпты. Осыны көлденең тарта отырып автор «Біздің елге осы іспетті шектеу, тыйымдар қажет пе?» деген сұрақты шығарады. Келтірілген пікірлерге қарағанда, тойға шектеуге көзқарас бірыңғай емес. Әйтсе де, соңғы уақытта тойдың мақсаты мен мәні жоғалып бара жатқанын айтқан екен.

«Шама-шарқына қарамастан, несие алып, берешекке белшесінен батып той жасайтындар бар. Аста-төк дастарқан жасаудан аулақ болып, көрпеге қарай көсілу керек. Бұл - бір. Екіншіден, ұлттық құндылықтарымыз бен салт-дәстүрімізге, төл мәдениетімізге жат «өнер» иелерін шақыруды жөн деп санамаймын. Керісінше, қонақтарды ортаға шығарып, олардың ән айтып, би билеп, өнер көрсетуіне жағдай жасау керек. Сөз жоқ, бұл тойыңыздың мәнді де сәнді өтуіне оң әсерін береді. Үшіншіден, ащы судан бас тартып, меймандарға қымыз бен шұбатты ұсынған дұрыс. Ата-анасы мен баласы бір тойда отырып, алкогольді сусындарды сіміріп отырса, бұл қандай тәрбие, қандай өнеге? Осы орайда тойханаларда ішімдікті қоюға шектеу енгізген артық болмайды деп санаймын. Қысқасы, ата-бабамыздан мирас болып келе жатқан құндылықтарымызды сақтап, атаққұмарлық, ысырапшылдық, даңғазалықтан арылу керек. Сол кезде ғана той сән-салтанатымен өтеді».

Жылына 2 мыңдай киіз шығарады -  Замана газеті
 

«Киіз басу - ата-бабамыздан келе жатқан дәстүр. Бүгінде киізге деген сұраныстың төмендігінен бұл іс ұмыт болды деп айтсақ, артық болмас. Дегенмен сол дәстүрді ежелгідей әжелеріміздің қолымен болмаса да техниканың көмегімен ұмыт қалдырмай отырған кәсіпкер Төлбасы Бектасов ағамыз Шардара қаласында тұрады. Ол кісі киіз өндіру ісін осыдан бірнеше жыл бұрын қолға алған» деп жазады «Замана» газеті.

Қазіргі таңда «Оңтүстік киіз» серіктестігі жылына 1500-2000-ға тарта киіз шығарады. Жүнді шопандардан сатып алатын көрінеді. Әңгіме барысында кәсіпкер жүн сапасының төмендеп бара жатқаны туралы мәселе көтеріпті. Айтуынша, ауылда қазір жарамды жүндердің саны айтарлықтай төмендеп кетті. Ал киізді кімдер алады?

«Киізді шаруа қожалықтары, шопандар, өрт сөндірушілер алады. Сонымен қатар киіз үйге, ер-тоқым, жабу жасауға алып жататындар баршылық. Қазіргі таңда өнімдерімізді Алматы, Шымкент, Қызылорда қалалары арнайы тапсырыспен алады...»

«Ғасырлар бойы киізді тұрмысқа қолданып келген қазақ халқы киіз басуды өнер ретінде ұлықтаған. Сол өнерді өндіріспен ұштастырып отырған кәсіпкер ағамыздың ісін жалғастырушылар қатары көбірек болса екен дейміз» деп түйіндейді автор.

«Талақ» деп тақылдағандар ұлт болашағына балта шабады - «Орталық Қазақстан» газеті
 

Қазір дін мәселесі қоғамда өзекті, көп талқыланады. Адасқан ағымдар мәселесі де жоқ емес. Солардың салдарынан шайқалған шаңырақтар мен ойран болған отбасылар да бар болып отыр. Осындай жағдайға қарай болса керек, «Орталық Қазақстан» газеті дінтанушы, PhD докторы Ершат Оңғаровпен сұхбаттасып, пікірін жариялаған екен.

Сұхбатта бұрынғы қазақ қоғамындағы «ақ неке» деген ұғымның орны туралы сөз болып, отбасы құндылықтары талқыланады. Қазіргі отбасылардың түйткілдеріне де назар аударылады.

«Ал қазіргі әлемдік жаһандану заманында отбасының баға жетпес құндылық ретіндегі мәні жойылып барады. Статистика мәліметіне сүйенетін болсақ, елімізде некелескен жұптар саны азайып, ажырасқан отбасылар саны артып келеді екен. Мәселен елімізде 2016 жылы 140 840 неке тіркелген болса, соның 51 775-і ажырасып кеткен. Ал некесін заңды түрде тіркемей, тек шариғи неке қиғызумен шектеліп, содан соң үйленбей жатып ажырасып, талақ беріп жатқандар қаншама? Ең сорақысы да осы болып тұр. Бұрын-соңды ел естімеген, елімізде болмаған, ұлтымызға, дінімізге мүлдем жат, жиіркенішті әрекеттер белең алып барады. Бірнеше әйелге үйленіп, ертеңіне «талақ» деп некесін заңдастырмай, ажырасып жатқандар көбейді» дегенді айтады сұхбат беруші.

Оның пайымынша, «талақ» деп тақылдайтындар негізінен халық арасына іріткі салуды көздеген арам ниеттегі адамдардың іс-әрекеті.  Өкінішке қарай, ештеңеден бейхабар, сауатсыз, аңқау қаракөз қыздарымыз солардың арбауына оңай түсіп, сан соғып қалып жатыр. Нәтижесінде заңсыз туған жетім балалар, жесір аналар саны артуда.

Сұхбат барысында бұл мәселенің шешіміне қатысты да пікір айтылады. Өзге елдердегі осы тақылеттес проблемалармен күресі жайына да тоқталады.

«Әсілі, біздің ата-бабаларымыз ұстанған қағидаларды біз де санамызға сіңірсек, адалдық, өтірік айтпау, біреудің ала жібін аттамау сияқты адамгершілік құндылықтарды ардақтай білсек, адамның бір-біріне деген құрметі артып, бақытты отбасылар қатары да көбейер еді» депті спикер.

Жапондарға нанотехнологияны үйреткен қазақ ғалымы- «Дидар» газеті
 

«Сенбейсіз бе? Сенбесеңіз, Астанадағы Назарбаев университетіне барыңыз. Сіз ондағы ғылыми зертханалардың бірінен шетелдіктерді мойындатқан қазақ ғылымының өкілі Зейнетулла Еңсеповты таба аласыз. Ол сонау тоқсаныншы жылдары күнкөріс қамымен шетел асыпты. Кейіннен Жапониядағы ең беделді жоғары оқу орындарының біріне жұмысқа орналасып, оқытушы болып еңбек еткен» деп жазады «Дидар» газеті.

Мақалада бес тілде еркін сөйлейтін ғалымның өмір жолы баяндалып, оның ұстанымы да үлгі ретінде көрсетіліпті. Газеттің жазуынша, бүгінде Зейнетулла Еңсепов АҚШ азаматы екен. Ол қазір арнайы шақыртумен қайта елге оралып, қазақ ғылымының дамуына өзіндік үлесін қосуда.

«Байқауымша, Астана мен Алматы қалаларында нанотехнологияны дамытуға ерекше мән берілуде. Бұл қуантарлық жағдай. Жеке басым, біздің қазақ ғалымдары ғылым саласын өркендету үшін ағылшын тілін меңгеріп, барлық ғылыми еңбекті түпнұсқадан оқи алатындай дәрежеге жетуі тиіс деп санаймын. Себебі қазір дүниежүзінде ағылшын тілі үстемдік құрып тұр, - дейді ғалым».

Айта кетерлігі, қазақ ғалымы сонау тоқсаныншы жылдары жапон студенттеріне микроэлектроникадан дәріс оқыған екен. Оның айтуынша, күншығыс елінің адамдары әлі күнге дейін кеңестік ғалымдарды құрметтейтін көрінеді. Бір қызығы, жапондар Зейнетулла Еңсеповты алғашында орыс ғалымы деп қабылдапты. Тіпті жапондар біздің ғалымның аты-жөні басқа тілде жазылып тұрғанына да мән бермепті. Алайда уақыт өте келе олар Еңсеповтің қазақ екенін білген.

«Жапониядағы жоғары оқу орындарында жұмыс істеп жүріп, шетелдіктер өзінің туған тілін білетін кез келген ұлт өкіліне құрметпен қарайтынын байқадым. Мәселен жапондар шетелден қонақтарға: «Ағылшын тілін білесің бе?» деп емес, «Ана тіліңде сөйлей аласың ба?» деген сауал қояды. «Әрине. Біз туған тілімізді ардақтайтын халықпыз» деп жауап берсеңіз, олар сізге ерекше сый-құрметпен қарайды. Ал «Білмеймін. Есесіне, өзге тілдерді жетік меңгердім» десеңіз, көп жылдар бойы құл болып, өзінің ана тілін ұмытып қалған деген сыңайда мүсіркей қарайды, - дейді Зейнетулла Еңсепов».

Қазақстандық ғалым Жапонияда сабақ берумен қатар, ғылыми-зерттеу жұмыстарымен де айналысқан екен. 1996 жылы жапондық мамандармен бірлесіп, әлемдегі ең жылдам транзисторды жасап шығаруға үлес қосқан. Бұдан бөлек «Самсунг», «Сони» сияқты алпауыт компанияларға қажетті аспаптарды құрастырумен шұғылданған. Ендігі мақсаты қазақ балаларын ғылымға баулу.

Ақ жаулықтың қадірін біліп жүрміз бе?  - «Атырау» газеті
 

«Атырау» газеті жариялаған мақалада орамал туралы мәселе көтерілген. Әрине, мектеп киім үлгісіндегі орамал мәселесі емес. Бұл кәдімгі қазақ келіндерінің ақ жаулығы.

«Бала кезімізде жібін иіріп, тоқымасын тоқып, кимешегін киіп жүретін ақ жаулықты әжелеріміз әлі көз алдымызда. Аналарымыз болса басынан ақ жаулығын еш тастаған емес. Орамалын шешіп, жалаңбас жүргенін әлі де көрмедік. «Орамал тартқан әйелдің иманы күшейеді» деген қағидаға берік ол түнде ұйықтаса да оны шешпейді. Осынау тәрбиені көріп өскен бізге жоғарыда айтылған әрекеттің оғаш көрінгені рас. Сонымен қатар, кейбір жүкті әйелдер мен сәбиін кеше ғана дүниеге әкелген жас аналардың орамалсыз жүргенін де байқаймыз. Ал, бұл көрініс біздің ұлттық құндылықтарымыздан алыстап бара жатқанымыздың айғағы емес пе? Олай болса, қасиетті саналатын ақ орамалдың мәні мен маңызын жаңғырту қашан да бізге парыз» деп жазады автор.

Жазуынша, қазақ қыздары кезінде жалаңбас жүрмеген: шағын бөрік, тепетей, қызыл-жасыл орамал тартты. Ал ақ орамалды әулеттің келіндері ғана таққан. Өйткені, әйел-ананың мейірімділігі, шексіз пейілі ақ орамалмен байланыстырылды.

«Жасыратыны жоқ, бүгінде нәзікжандардың көбі бас киімсіз жүр. Қызы мен келіні қайсысы, ажырату қиын. Тіпті, орта жастан асып, немере сүйіп отырған кейбір апаларымыз бен самайын ақ қырау шалған әжелерімізді жалаңбас көргенде, ыңғайсызданып қалатынымыз да рас. Жастарды айтпағанда үлкендер арасына шашын әртүрлі түске бояп, бұйралап, жасандылыққа бет алғаны шындық».

Мақалада тақырыпқа тұздық ретінде бірқатар пікірлер де берілген.

  «Брат, сіз қуып кеттіңіз ғой...» - «Орал өңірі» газеті
 

«Орал өңірі» газетінің оқырманы редакцияға хат жолдап, қоғамдағы «бас ауыртатын» мәселелерге өз пікірін білдіріпті. Оқырман көтерген мәселе негізінен отбасындағы бала тәрбиесіне арналған. Жастар тәрбиесіне интернеттің зардабы туралы да ой қозғайды, автор. Айтуынша, қазіргі жастар интернеттің салдарынан ойлау қабілетінен ада болып, көзіне көрінген ақпаратты ғана кәдеге жаратады. Сөйтіп, жас буын сөйлесу, пікірлесу, өз ойын әдемі жеткізу қабілетінен айырылып барады.

«Мектеп оқушысы түгілі, университет бітіріп, маман атанып келген кейбір жастарымыз өз өмірбаяндарын өрнектеп, жатық тілмен қағазға түсіре алмайды. Бірқатары бір мекемеден екінші мекемеге мазмұнын түсінсе де, қарапайым қатынас қағазын жаза алмайды. Осының бәрін интернет желісіне желімделудің салдары деп білемін. Қысқасы, қазіргі қоғамда ойланбайтын (әрине, бәрі демей-ақ қоялық), ойға ой қоса алмайтын, мәнді мәселе айта алмайтын, қазаққа жат әдеттерге жабыса кететін, батыстың берекесіз, бейәдеп әуендерін тыңдаудан талмайтын ұрпақ өсіп келеді. Оған қоса, тіліміз де тірсегінен тілінгендей болып бара ма, қалай өзі?.. Олай дейтін себебім, «Ағай, сіз қателесіп тұрған сияқтысыз» дегенді «Брат, сіз қуып кеттіңіз ғой...» дейтіндер пайда болды. Өздерінің арасында «көп сөйлеме!» дегенді «қума!» деп жүргендерін мына құлағымыз естіп жүр. Осы бағытпен жүре берсек, тіліміз құрдымға кетіп, келешекте жаңа қазақтардың сақау, дүбәра ұрпақтары пайда болуы әбден мүмкін. Сіз бұған не дейсіз, құрметті оқырман?..

Қонаев ақиқаты -  «Aq jol» газеті
 

«Арай» газетіндегі мақалада автор соңғы кездері БАҚ-та Қонаевтың ата-тегін теріс қаузап, жалған дүрлікпе (сенсация) туғызатын, қайраткердің абырой-атағына, ерекше тұлғалық қасиетіне нұқсан келтірушілер көріне бастаған. Осыған байланысты мақалада автор: «Руының, ұлтының кім екенін әр адам өзі ғана біледі. Міне, сондықтан Димекеңнің «Мен 100 пайыз қазақпын!» деп айтқанын білмейтін немесе әдейі жоққа шығарушылар қатты қателеседі» деп жазады.

Жазуынша, автор жиырма жылға жуық Димекең ата-тегін індете зерттеп, жазып келе жатыр екен. Мақалада ол Қонаевтың ата тегі туралы кездейсоқ ізденіске қалай түскенін әдемі әңгілемеп, біраз жайтты ашып айтады. Көнекөз қариялардан естіген әңгімесіне қарай Қонаевтың атасы мыңғырған мал айдаған дәулетті адам болғанын, шежіре кітаптарына сілтеме жасай отырып, Қонаевтың әжесінің ұлты татар емес, ноғай болғанын да алға тартады. Дінмұхамед Қонаевтың ата тегін де тарқата кетеді. Ал «оның ұлты татар» дегендерге қатысты да жауабын береді.

«Қазақтың қаһарман батыры Бауыржан Момышұлы Димекеңнің әкесі Меңліахмет қариямен кездесіп, ұзақ әңгіме-сұхбат құрып, қаны да, жаны да қазақтың тектілігіне, сұңғылалығына қайран қалған ғой. Қазақтың шежіре тек ілімін, түп-тұқиян тарихын Әлкей Марғұлан мен Баукеңнен артық білген адам жоқ. «Қонаевтың нәсілі басқа» деген сөз бұл екі ғұламаның бірінің аузынан шыққан емес. Димекеңнің түбі шикі болса, кезінде екі данагөй бір ұрымтал тұста дәлелдеп айтар еді ғой. Қонаевтың тегі жайында жел сөзге желіккендер осыны білсе екен»...

Сонымен қатар, автор Димекеңнің неге «татар» болып жазылу себебін де баяндап береді. Жазуынша, бұның тарихы генерал қазақ Сабыр Рахимовтың «өзбек» болып туу туралы куәлік алуына әбден ұқсайды. Мәселен, Сабыр Рахимовтың шешесі өзбек қызы болды. Ол Ташкентте амалсыз осы ұлттың атын алды. Ал Димекеңнің әжесі татар еді. «Татаркада» ол да осылай нағашыларының нәсіліне жазылып, еріксіз «татар» атанды.

«Енді осы оқиғаның сырына үңілейік. Аты мұсылман әлеміне әйгілі ғұлама Қырым татары Ғ.Гаспринский ашқан медреселердің бірі Алматыда да болған. Бала Димашты әкесі Меңліахмет алғаш осы дін мектебіне әкеледі. Басында анкета толтырғанда ұлты «қазақ» деп жазады. Баланы ұстаздар «татар емес» деп қабылдағысы келмейді. Қайткен күнде баласын оқытуды ойлаған Мекең «әжесі татар және ол алпауыт Ысқақбайдың туысы, татар» деп жазсаңдар да болады. «Әйтеуір балам оқыса екен» деп жалынады. Анкетада ұлты татар болып толтырылады. Бұл - бір. Екінші, Димекеңнің туған атасы Жұмабай қайтыс болып, әулеттегі барлық билік Хадиша әжесінің құзырына көшеді. Ол немерелерінің бәрін «татар» деп жазуды қаласа керек. Димекеңнің «әжеміз татар болыпты» деп айтуына қарағанда басқа ұлт өкілі болып куәлік алғанын да меңзейді» деп жазады автор.

Жастардың жүйкесі жүн, жігері құм. Кінәлі кім? -  «Сыр бойы» газеті

«Сыр бойы» газетінің жазуынша, қазір елімізде жүйке ауруына шалдыққандар қатары артыпты. Мәселен, биыл Алматыда мұндай науқастар өткен жылғымен салыстырғанда 14 процентке көп екен. Науқастардың басым бөлігі жастар секілді. Осыған орай, мақалада «Неге?» деген сауал тасталады. Ал дәрігерлер мұның себебін жастардың әлеуметтік желіге уақытты тым көп жұмсауынан дегенге келтіріпті. Мақалада Қызылорда облысындағы ахуалға да назар аударылады.

Жазуынша, 9 ай ішінде облыста науқастар саны былтырғыдан артпаса кемімеген. Ал мамандар жүйкенің «жауы» тек телефон емес деп, бұған  әлеуметтік жағдайды, спортпен айналыспау қосып, ауыр дерт пен ота жасату да жүйкеге айтарлықтай салмақ түсіретінін алға тартыпты.

«Ғалымдардың айтуынша, қазір біз күніне 4000-ға жуық жаңалықпен танысады екенбіз. Әсіресе, жағымсыз ақпараттың жылдам тарайтынын ескерсек, ми пайдасыз информацияға толды деген сөз. Санаға қабылданған дүниені шығарып тастай алмайтынымыз белгілі. Бұл қаласақ та, қаламасақ та әлеуметтік желідегі чат, конференция, сайттардан келетін сілтемелердің әсері. Демек, біз ақпараттар ағынының әсерінен нағыз керек дүниені санаға қабылдай алмаймыз. Тілді де тез үйренбейміз. Ойлаған мақсатқа жете алмау, жағымсыз ақпаратты көп есту, білу психологияны өзгертпек»...

Мақалада  жағымсыз ақпараттардың жүйкеге әсері туралы зерттеулерге шолу жасалып, ондай теріс бағыттағы теориялардың қоғамға тұтастай әсері жайлы сөз болады.

«Кез келген ақпаратты, әсіресе, пайдасыз, жағымсызын көргішпіз. Бізде «баласын тастап кетті», «жігіт қызға айналғысы келді» деген ақпараттар сұмдық «өтімді». Базбіреулер әлеуметтік желімен аса маңызды дүниені жария еткендей жылдам таратқыш. Ал оның салдары оқыс оқиғаларға әкелмек. Жүйкесі әлсіз адамдарға ауыр тимек. Бастысы, өзіңіздің де психологияңызды бұзып, өмірді әділетсіз, адамдарды қатыгез етіп көрсете бастайды. Ал басқаларға сенімсіз, тек жамандықты көргіш, ойлағыш адамның өмірі жақсы бола ма? Жастардың жүйке ауруларына тап болуының бір себебі осы» деп түйіндейді автор.

Мақалада бұдан бөлек, әлеуметтік желінің көпшілік ескере бермейтін  тұстары да айтылады.

Сөз соңында автор бүгінде ауруханаларда психиатр дәрігер жетіспейтінін мәселе ретінде алға тартады. «Рас, бұл сала сабырлы мінез,  төзім қажет етеді. Бірақ болашақ дәрігер, қазіргі студенттер мұны ескерсе, елге тиімді іс болар еді».

 

Соңғы жаңалықтар