Жастарға арналған 2,5 пайыздық несие биыл 218 шығысқазақстандыққа беріледі

ӨСКЕМЕН. ҚазАқпарат – Шығыс Қазақстан облысында жастарға арналған 2,5 пайыздық несие биыл 218 адамға беріледі, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша жастар кәсіпкерлігін қолдау үшін биыл Қазақстанда жылдық 2,5 пайызбен шағын несиелендірудің жаңа тетігі іске қосылған болатын.

Облыстық ақпарат орталығының мәліметінше, Шығыс Қазақстанда «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы өтінім қабылдау басталды.

Биыл өңірде жастар үшін 1 млрд 90 млн теңге сомасында 218 шағын несие қарастырылған.

«Жеңілдетілген несие беру шарттары: қарыз сомасы - 5 миллион теңгеге дейін, сыйақы мөлшерлемесі - жылдық 2,5%ғ қарыз мерзімі – мал шаруашылығын дамыту үшін - 7 жылға дейін, бизнестің басқа бағыттары үшін - 5 жылға дейін. Міндетті түрде кепіл болуы керек. Кепіл ретінде жылжымалы және жылжымайтын мүлік қабылданады», - делінген хабарламада.

Өтінімдер «Аграрлық кредиттік корпорация» АҚ – Өскемен қаласы, Қабанбай батыр даңғылы, 51 мекенжайында қабылданады.

Қандай да бір сұрақтар болса 8(701)006-16-51 телефон нөміріне қоңырау шалуға болады.