Жастарға «балықты беріп» қана қоймай, оны аулауға үйрету керек - «Болашақ бүгіннен басталады» акциясы

АСТАНА. 23 мамыр. ҚазАқпарат - 2012 жылдың 25 мамырында Семейде «Болашақ бүгіннен басталады» республикалық акциясының аясында «Жастар кәсіпкерлігін дамыту» қоғамдық қоры Жас кәсіпкер күнін өткізеді.

Мемлекеттік медицина университетінде қор мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорының аймақтық бөлімшесі арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою өтеді. Бұл шара Шығыс Қазақстан облысының бизнес секторындағы жастар бастамаларын дамыту мақсатымен өткізіледі.

Сонымен қатар бұл күні жастар үшін «Кәсіпкерлік негіздері» тақырыбындағы семинар-тренингі мен «Бизнес-жоспарды құру» шеберлік сабақтары ұйымдастырылады.

Алдағы уақытта «Жастардың кәсіпкерлік және инновациялық әлеуетін дамыту бойынша әлеуметтік қызмет» жобасының аясында «Жастар кәсіпкерлігін дамыту» қоғамдық қоры семинар-тренингтерді ШҚО-ның ауылдық аудандарында өткізуді жоспарлауда. Жобаның мақсаты - білім беру, ақпараттық шараларды ұйымдастыру, жас бизнесмендерге кеңестік-әдістемелік қолдау көрсету.