Президент сарбаздармен бірге түскі ас ішті. Ақорда жариялаған видеоға қарасақ, дастарханға су, шәй, алма, қарақұмық және гематоген шоколадтары қойылған.
«Мен әдейі Астанадан келдім, жаттығуларыңызды көрдім. Қызметтеріңіз ойдағыдай бола береді деп ойлаймын. Бұл – ел үшін, халқымыз үшін қызмет. Бұдан жоғары қасиетті қызмет жоқ. Сондықтан бәріміз ел болып, біртұтас мемлекетке қызмет етейік», - деді Мемлекет басшысы.
Кездесуде мерзімді қызметтегі қостанайлық сарбаз әскер туралы өз пікірін білдірді.
«Әскерге бармай тұрып-ақ, әлімжеттік барын айтып, бір жылыңды босқа жоғалтасың деп жиі қорқытатын. Бірақ әскерге келгенде өз саламды тапқанымды түсіндім. Десант екенімді мақтан тұтамын, офицер-сержанттар бауырларымдай болып кетті. Қорғаныс министрлігіне әскери саланы дамытып жатқаны үшін алғыс айтамын. Осы арқылы жоғары оқу орнына түсуге де болады. Жастар қолдау көрсеткеніңіз үшін көп рахмет», - деді ол.
Президент те мемлекеттің келешегі жастардың қолында екенін, мүмкіндігінше жастарға қолдау көрсететінін жеткізді.
«Бар күшіммен жастарға қолдау көрсетемін, жағдай жасауға тырысамын. Біздің еліміз жас мемлекет болып саналады. Азаматтарымыздың орташа жасы 32-де. Біз бейбіт жасампаз өмір орнатқымыз келеді. Ешкіммен соғыспа, барлық мемлекетпен достық қарым-қатынаста болғымыз келеді. Қазір осындай саясатты жүргізіп жатырмын, дипломатияны жүзеге асырып келемін. Дегенмен, еліміздің әскері де толық жауынгерлік даярлықта болуы керек. Мен осы оқуларды көруге келдім. Армиясыз мемлекет болмайды. Біз бейбіт құрылыммен айналысамыз, реформалар жүргіземіз, ең алдымен жастар үшін жағдай жасаймыз. Біздің жастарымыз ақылды, ұшқыр, көкірегі ояу, көзі ашық. Сондықтан ең алдымен жастарға қол ұшын беремін», - деді Президент.
Айта кетейік, бүгін Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Алматы облысында өтіп жатқан «Батыл тойтарыс-2023» стратегиялық командалық-штабтық әскери оқу-жаттығу жиынын барып көрді.
Жоғарғы Бас қолбасшы әскери қызметшілер алдында сөз сөйлеп, Қазақстан армиясы кез келген сын-қатерге дайын болуы қажет екенін атап өтті.