Жастарға қателесуге болмайды деген қағидадан құтылу қажет - Есен Елеукен

АСТАНА. ҚазАқпарат - "Tamasha TV" телеарнасының директоры Есен Елеукен Жастар жылына қатысты өз пікірін білдірді. Бүгінде ол басқа қызметке ауысса да, жастармен байланысын үзген жоқ, деп xабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

"Негізі, біз көп жағдайда жастарға нұсқау беріп отырамыз. Оларды да тыңдау керек, олармен бірге өмір сүру керек. Мен қазір басқа қызметке ауыссам да, 20 жылдай басы-қасында жүргеннен кейін бір нәрсені түсіндім. Жастармен бірге жүріп, ойын тыңдасаң, небір керемет дүниелер бар. Соған көп мүмкіндік беру керек сияқты. Сосын эксперименттен қорықпау қажет. Әйтпесе, бізде қателесуге болмайды деген қатып қалған бір қағида бар. Олай емес. Қателесу керек, үйрену керек. Көп нәрсе маңдайына тигеннен кейін көреді ғой", - деді Е.Елеукен ҚазАқпарат тілшісіне берген сұxбатында.

Оның ойынша, жастарды көп еркелете беруге де болмайды. Олар өмірдің қиыншылығын да көруі тиіс. Сол кезде адам болып қалыптасады, қоғамда өз орнын таба алады.

"Әрине, жастарға бірінші кезекте баспана және жұмыс қажет. Жастар жылында осы мәселелерге басымдық берген дұрыс шығар. Сосын жастарды кәсіпке баулу мәселесіне көбірек мән берілсе, құба-құп. Ал, енді, анау флешмобтар, үлкен концерттер және басқа шаралар жылда болып жатыр ғой. Оған аса мән бермей, нақты шаруарлармен айналысу қажет. Жалпы, менің жастарға көңілім толады. Ең бастысы, оларға бағыт беріп, жаңағы айтқан мәселелер қамтылса, жақсы нәтиже болады. Бізде қалай? Жақсы бір бастама көтерілсе, оны науқанға айналдырып жібереді. Соны науқанға айналдырмай, берілген тапсырмалар орындалып, содан нақты нәтиже шықса, соны қалаймын", - деп атап көрсетті Е.Елеукен.

Айта кетейік, кеше ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жастар жылының ашылуына арналған ресми шараға қатысты. Сол жерде Мемлекет басшысы бірнеше тың бастамаларды жариялады. Мәселен, ауылға баратын жастардың жәрдемақысын көтеруді тапсырды. Президенттің сөйлеген сөзін мына жерден оқуға болады.