Жастарға қазақ халқының тамыры тереңде жатқанын жеткізу керек - Мемлекет басшысы

Фото: None
АСТАНА. ҚазАқпарат - Тілімізді, дінімізді, ұлттығымызды сақтап қалған қазақ халқы қандай керемет! Бұл туралы еліміздің жетекші телеарналар журналистеріне берген сұхбатында ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев мәлім етті.

«Ғалымдарға айтып, тиісті жұмыстарды істеп келе жатырмыз. Біздің жастар мен жалпы қазақ халқы еліміздің мың жылдық тарихы бар екенін білуі керек. Ғалымдар Қытайға, Иранға, Ауғанстанға, Ташкентке және басқа да жерлерге жіберіліп, ежелден қалған жазулар мен жәдігерлерді зерттеді»,-деді Мемлекет басшысы. Осы тұрғыда Елбасы еліміздің аумағында ежелде мекен еткен арғы ғұндар біздің бабаларымыз екенін, одан бері қарай Түркі қағанаты, содан кейінгі Алтын Орда кезеңін барлығын қамтыған кезде 2 мың жылға жететін тарихымыз бар екенін атап өтті. «Соның барлығынан өтіп, тілімізді, дінімізді, ұлттығымызды сақтап қалған қазақ халқы қандай керемет! Ешқайсысымен қосылып кеткен жоқ»,- деді Президент. Осы орайда Елбасы мемлекеттігіміздің жолы ежелден келе жатқанын жас ұрпаққа тәрбиелеу керектігін қадап айтты. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақ хандығының 550 жылдығы туралы айта келе: «біздің жастарымызға тамырымыз тереңде жатқанын көрсету керек», деді.

Соңғы жаңалықтар