«Жастарға зор мүмкіндік»: БҚО-да жаңа жатақхана пайдалануға берілді

Фото: Фото: Батыс Қазақстан облысының әкімдігі

ОРАЛ. KAZINFORM – Батыс Қазақстан облысының Сырым ауданында 30 орынға лайықталған Сырым колледжінің жаңа жатақхана ғимараты қолданысқа берілді. 

Қазіргі таңда колледжде ауыл шаруашылығы маманы, дәнекерлеуші, электр жабдықтаушы, аспаз және т.б мамандықтар бойынша 115 студент білім алып жатыр. 

Жаңа жатақхана ғимаратының ашылуына Батыс Қазақстан облысының әкімі Нариман Төреғалиев, білім саласының ардагерлері, ұстаздар, студенттер және аудан тұрғындары қатысты.

Фото: БҚО әкімдігі

– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев биылғы жылды жұмысшы мамандықтар жылы деп жариялаған болатын. Бұл – жұмысшы мамандықтардың, оның ішінде еңбек адамдарының рөлі қоғамда барынша мәнге ие екенінің белгісі. Осы ретте елімізде техникалық және кәсіптік білімге үлкен мән беріледі. Себебі жұмысшы мамандықтардың басым бөлігі осындай білім ордаларында біліктіліктерін шыңдайды. Бүгінде облысымызда 35 колледж жұмыс істейді. Алдағы уақытта біз ескірген жатақханаларды жаңғырту жұмыстарын жалғастырамыз, - деді БҚО әкімі Нариман Төреғалиев.

Фото: БҚО әкімдігі
Фото: БҚО әкімдігі

Жатақханада кітапхана, акт залы, спорт зал, асхана, кір жуу бөлмелері бар. 

Студент Әли Набиолла аудан орталығындағы колледжге бірнеше шақырым жерде орналасқан ауылдан келіп қатынайтын. Енді жатақханаға орналасып, еш қиындық көрмейтінін айтты. 

– Жаңа жатақхананың ашылғанына қуаныштымыз. Мұнда барлық жағдай жасалған. Ендігі кезекте білім алып, елдің дамуына үлес қосқым келеді. Президентке жастардың білім алуына зор мүмкіндік жасағаны үшін алғысымызды білдіреміз, - деді колледж студенті. 

Фото: БҚО әкімдігі