Жасы 110-ға толған оралман әже елімізге қоныс тепкеніне сегіз жыл толғаннан кейін ғана Қазақстан азаматтығын алды
Осыншалықты жасқа келуіне орай жергілікті атқарушы билік өкілдерінен бірсыпыра сыйлық алған қарт әжейге сонымен бірге Қазақстан Республикасының азаматы атанғанын білдіретін жеке куәлік те табыс етілді.
Мәселе мынада. Кейуана бұдан бірқатар жылдар бұрын өз бала-шағасымен Өзбекстаннан қоныс аударып, көшіп келген. Ол өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында орын алған алапат ашаршылық кезінде отбасымен бірге өзбек жеріне барып баспана табады. Сонда ол бүкіл саналы ғұмырын өткізді. Соғыс жылдарында күйеуі темір жолда еңбек етті. Бұл басқа әйелдермен бірге шұлық пен киім тоқыды. Өз осында он бала тәрбиелеп өсірді. Солардан үшеуі қазір тірі. Әжейдің сонымен бірге 19 немересі, 25 шөбересі, 3 шөпшегі бар. Ал тарихи отанға орау олардың өмір бойғы арманы болды. Сол арман 2004 жылы орындалды. Ал арада сегіз жыл өткеннен кейін ғана оның Қазақстан азаматы атануға қолы жетті.